СҚО полициясы музейінің 50 жылдығына орай уақыт капсуласы салынды

Ведомство тарихы тек ресми құжаттардан, резонансты істер мен қызметтік марапаттардан тұрмайды. Мұражайдағы әрбір жәдігердің артында адам тағдыры, естеліктер мен ұзақ жылғы еңбек жолы жатыр. Мұны СҚО Полиция департаменті музейінің құрылғанына 37 жыл толуына арналған салтанатты шараға қатысушылар тағы бір мәрте сезінді. Мерекенің басты оқиғасы 13 жылдан кейін ашылатын уақыт капсуласын салу рәсімі болды, деп хабарлайды QZ NEWS тілшісі.
Ведомстволық музейдің туған күні 9 қарашада атап өтіледі. Бұл күн Ішкі істер органдары ардагерлері күні қарсаңына сәйкес келеді. Сондықтан қос мереке дәстүрлі түрде полиция қызметін өмірінің маңызды бөлігіне айналдырған жандарды біріктіреді. Бұл күні қызметтегі полицейлер, департамент басшылығы мен ардагерлер бас қосты. Оларды ортақ тарих пен әріптестерінің жарқын естелігі байланыстырады.
Іс-шара қызметтік міндетін атқару кезінде қаза тапқан қызметкерлердің мемориалына гүл шоқтарын қою рәсімінен басталды. Бір минут үнсіздік жарияланғаннан кейін қатысушылар музейге жиналып, оның меңгерушісі Меруерт Самаратованы құттықтады.
Бүгінде музей қорында бес мыңнан астам жәдігер сақтаулы. Олардың қатарында фотосуреттер, құжаттар, жеке заттар мен мұрағат материалдары бар. Бұл құнды дүниелер өңірдегі ішкі істер органдарының тарихын жаңғыртуға мүмкіндік береді. Жәдігерлердің басым бөлігін ардагерлердің өздері тапсырған. Олардың көпшілігі үшін музей – жай ғана көне бұйымдар жинақталған орын емес, өз өмірінің бір бөлшегі сақталған қасиетті мекен.
СҚО Полиция департаментінің бастығы Руслан Назаров музей экспозициясын қалыптастыруға үлес қосқан ардагерлерге алғыс білдірді. Оның айтуынша, олардың естеліктері, фотосуреттері мен отбасылық мұрағаттарының арқасында бүгінгі жас қызметкерлерге жеткізуге болатын тұтас тарих жинақталған.
Музей тарихында Любовь Осинская мен Нина Бенграфтың орны ерекше. Олар отыз жыл бойы музейдің тұрақты сақтаушылары болып, қорды толықтырумен және экспозицияны қалыптастырумен айналысқан. Олардың еңбегінің арқасында музей еліміздегі үздік ведомстволық музейлердің қатарына қосылды.
Облыстық полиция департаменті мен Ұлттық ұлан ардагерлері кеңесінің төрағасы Ақан Сыздықов музей ісінің бастауында тұрған азаматтардың еңбегіне тоқталды. Ол музейдің өзіндік дәстүрлері қалыптасқанын, ал оның ерекше атмосферасы жылдар бойы әрбір фотосурет пен құжатты көздің қарашығындай сақтаған жандардың еңбегімен тығыз байланысты екенін атап өтті.
«Музей – өткен мен бүгінді тоғыстыратын қасиетті орын», – деді Ақан Сыздықов.
Кездесу барысында полицияның үлкен отбасымен байланысын үзбей келе жатқан ардагерлерге де жылы лебіздер айтылды. Жақында 80 жасқа толған Александр Фомичёв пен 79 жасқа келген Алексей Корчагин құттықтауларды қабыл алды.
Кездесудің ең ерекше сәті уақыт капсуласын салу рәсімі болды. Департамент бастығы Руслан Назаров пен ардагерлер болашақта ішкі істер органдарында қызмет ететін жас буынға арналған хаттар мен тілектерді капсулаға салды. Бұл – жылдар қойнауынан жолданған ерекше сәлемдеме. Онда ұрпақ ауысса да, заман өзгерсе де жоғалмауға тиіс адамгершілік құндылықтар, дәстүрлер мен есімдер туралы естеліктер қамтылған.
Болашақ қызметкерлерге арналған хаттардың бірінде: «Құрметті келер ұрпақ өкілдері! Сіздерге 2026 жылғы 10 қарашадан арнайы хат жолдап отырмыз. Бұл – 37 жылдық тарихы бар Полиция департаменті музейінің мерейтойы Қазақстан Республикасы Ішкі істер органдары ардагерлері күнімен тұспа-тұс келген ерекше күн», – деп жазылған.
Уақыт капсуласын 2039 жылғы 9 қарашада, музейдің құрылғанына 50 жыл толғанда ашу жоспарланып отыр. Ол кезде бүгінгі жас қызметкерлердің өздері де ардагер атанады. Ал бүгінгі оқиғалар ведомство тарихының бір бөлігіне айналмақ.
