Петропавловск
+21°C
Главная страница » Заң және тәртіп » Петропавлда мас күйіндегі мотоцикл жүргізушісі дрон мен квадроциклдердің көмегімен ұсталды

Петропавлда мас күйіндегі мотоцикл жүргізушісі дрон мен квадроциклдердің көмегімен ұсталды

November 12, 2026 10:22

Петропавл қаласының солтүстік шетіндегі Солнечный кентінде патрульдеу кезінде полицейлер «Enduro» маркалы мотоциклге назар аударған. Жүргізуші тәртіп сақшыларының көлікті тоқтату туралы заңды талабына бағынбай, жолдан бұрылып, бой тасалауға тырысқан, деп хабарлайды QZ NEWS тілшісі.

Қашып кеткен жүргізушіні іздеу үшін полицейлер аспанға ұшқышсыз ұшу аппаратын көтерді. Дронның көмегімен құқық бұзушының жүрген жері жедел анықталды.

«Күрделі жер бедерінде құқық бұзушыны ұстау үшін полицейлер квадроциклдерді пайдаланды. Жолсыз жерлерде де ер адам тәртіп сақшыларынан қашып құтыла алмады. Оны Звёздная көшесінде тоқтатты», – делінген СҚО Полиция департаментінің хабарламасында.

Ұсталған азаматтың 40 жастағы қала тұрғыны екені анықталды. Ол бұған дейін жеті жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айырылған. Соған қарамастан, қайтадан мас күйінде рөлге отырған.

Петропавл қалалық полиция басқармасы патрульдік полиция батальонының командирі, полиция капитаны Қуаныш Сүлейменовтің айтуынша, жүргізуші куәлігінен айырылған адамның мас күйінде көлік басқаруы, жүріп өткен қашықтығына қарамастан, Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 346-бабы бойынша қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғады.

Аталған бапта 5 мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салудан бастап, бес жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.

Shares