Петропавловск
+21°C
Главная страница » Қазақстан » «Жалған жеңілдіктер»: Қазақстандықтарды жеңілдіктермен қалай алдайды

«Жалған жеңілдіктер»: Қазақстандықтарды жеңілдіктермен қалай алдайды

Жиі жағдайда сатушылар жеңілдік жасамастан бұрын тауардың бағасын әдейі көтеріп, артынан бастапқы бағасына төмендетеді, деп хабарлайды QZ News NUR.KZ-ке сілтеме жасап.

Жаз – жеңілдіктер мен сатылымдардың маусымы. Бұл кезеңде қазақстандықтар өздеріне пайдалы тауарларды тиімді бағамен ала алады. Алайда, FinGramota медиапорталы жеңілдіктердің артында қулық жатқанын айтады.

Сатушылардың жиі қолданатын тәсілі – акция басталғанға дейін бірнеше апта бұрын тауардың бағасын қолдан көтеріп қою. Нәтижесінде, жеңілдік бұрынғы бағасында қала береді, ал сатып алушыға бұл тиімді ұсыныс сияқты көрінеді. Мұндай сатушылармен күресу оңай – маусымдық сатылым басталмай тұрып, бағаларды бақылап қою жеткілікті. Мұны өзіңіз дүкенге барып немесе интернет арқылы, мысалы, Google-дың «Баға тарихы» секілді сервистерін пайдаланып істей аласыз.

Сатушылар «Тауар бітіп қалды», «Жеңілдік тек түн ортасына дейін» сияқты ұрандарды жиі қолданады. Мұның бәрі – сатып алушыға қысым жасайтын агрессивті жарнама тәсілдері. Әдетте, мұндай акциялар бір күн емес, бірнеше күн, тіпті аптаға созылады – себебі сатушылар мүмкіндігінше көп адамға тауарын сатқысы келеді. Сондықтан эмоциямен шешім қабылдамай тұрып, тауар шынымен аз ба, әлде бұл жасанды тапшылық па – соны тексеріп алған жөн.

Егер белгісіз бір бренд немесе дүкен аса үлкен жеңілдіктер ұсынып жатса, бұл – күмән туғызуы тиіс. Мұндай тауар бастапқыдан сапасыз немесе жеңілдікке қарамастан, артық бағаланған болуы мүмкін. Бұл «ноунейм» дүкеннен мүлде ештеңе алуға болмайды деген сөз емес – тек сатып алардан бұрын бренд жайлы көбірек ақпарат іздеу қажет. Интернеттен пікірлерді оқып, дүкеннің ресми парақшаларындағы пікірлерге назар аударған дұрыс.

Онлайн дүкендер мен маркетплейстердегі кейбір сатушылар маңызды мәліметтерді жасыруы мүмкін – мысалы, қайтару мен айырбастау шарттары, немесе олар мүлде жоқ екені. Кейде бұл шарттар тек тапсырыс рәсімдеген кезде ғана белгілі болады немесе мүлде айтылмайды.

Мұндайда өз құқықтарыңызды есте сақтаған жөн. Қазақстан заңына сәйкес, сатып алушы тауардың сыртқы түрі мен қаптамасы сақталған жағдайда, оны 14 күн ішінде қайтаруға құқылы. Дегенмен, кейбір ерекшеліктер бар: смартфондар, іш киімдер, шұлық бұйымдары және тағы басқа белгілі бір тауар түрлері қайтарылмайды. Егер заң бұзылмаса да, сатушы тауар қайтаруға жатпайды десе, сатып алушы Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетіне шағым түсіруге толық құқылы – бұл орган азаматтардың мүддесін қорғауға мүдделі, сондықтан көмек көрсетуден бас тартпайды.

Мамандардың маусымдық жеңілдіктер алдында қазақстандықтарға берер кеңестері:

  • Сатылымға дейін бағаны жазып алыңыз;
  • Сайт пен сатушыны тексеріңіз;
  • Сайттан тыс пікірлерді оқыңыз;
  • Қайтару шарттарын оқып шығыңыз;
  • Өз бетіңізше шешім қабылдаңыз, эмоцияға ермеңіз;
  • Қауіпсіз төлеңіз (карта, тексерілген платформалар арқылы);
  • Бюджет шегін белгілеңіз;
  • Чектер мен хат алмасуларды сақтаңыз.

Қазақстандықтар есте сақтау керек: жеңілдік – әрдайым тиімділік емес. Нағыз үнем – ол тауарды «бәрі алып жатыр» деген әсермен емес, ойланып сатып алу керек. Сондықтан ақша жұмсамас бұрын, сатушы шын мәнінде жеңілдік ұсынып отыр ма, әлде шоу жасап жатыр ма – соны анықтап алыңыз. Тек сонда ғана науқан сіздің бюджетіңізге пайда әкеледі.

Shares