Петропавловск
+21°C
Главная страница » CҚО » Смирноводағы мешіт құрылысы: тас қалаушылар тапшы, құрылыс материалдарының бағасы өсуде

Смирноводағы мешіт құрылысы: тас қалаушылар тапшы, құрылыс материалдарының бағасы өсуде

Аққайың ауданының орталығы – Смирново ауылында мешіттің құрылысы жалғасуда. QZ News редакциясына қоғамдық «Аққайың-Асар» қоры өкілдері 2025 жылдың соңына дейін қандай жұмыстар жоспарланғанын және құрылыс барысында қандай қиындықтарға тап болып жатқандарын айтып берді.

Мешіттің құрылысына 2025 жылғы 26 маусымға дейін жергілікті тұрғындардың қолдауымен 59 миллион теңгеден астам қаражат жиналды. Еске салсақ, алғашқы қаржы сметалық құжаттаманы әзірлеуге, сараптамадан өткізуге, топырақ құрамын зерттеуге және құрылыс алаңына электр желісін тарту, құрылыс материалдарын сатып алу сияқты техникалық жұмыстарға жұмсалды. Қор өкілдерінің айтуынша, іргетас тереңдетіліп құйылған, қазіргі таңда құрылысқа мердігер компания анықталып, мешітті тұрғызу жұмыстарына кірісіп кеткен.

«Мердігер компаниямен келісімшартқа отырып, 12 маусымда жұмыс басталды. Таңдалған компания – өңірімізде түрлі діни нысандарды салып жүрген жергілікті құрылыс ұйымы. Мысалы, Смирноводағы шіркеуді де осы компания тұрғызған», – дейді «Аққайың-Асар» қоғамдық қорының өкілдері.

Қабырғаларды көтеру және қаптау жұмыстарына қажетті барлық құрылыс материалдары жергілікті компаниялардан алдын ала сатып алынады. Қазіргі таңда плиталар мен арқалықтарға жеткізуші іздестіріліп жатыр, олар жақын апталарда Петропавлдан Смирновоға жеткізілетін болады.

«Қазір құрылыс маусымы болғандықтан, тас қалаушылар өте тапшы. Сонымен қатар, ауа райы жағдайларына тәуелдіміз. Құрылыс алаңында тұрақты түрде прораб жұмыс істейді, әр екі күн сайын өзіміз де барып, бақылау жүргізіп тұрамыз. Сонымен қатар мердігер тарапынан авторлық қадағалау да бар», – дейді қор өкілдері.

Айта кету керек, аудан мен облыс тұрғындарынан тұрақты түрде қайырымдылық қаражаттары түсіп жатыр. Аққайың ауданының ауыл шаруашылығы кәсіпкерлері де қолдау көрсетуде. Алайда қор өкілдері құрылыс материалдарының — кірпіш, цемент және басқа да шығын материалдарының қымбаттап кеткенін атап өтті.

«Жеткізушілердің айтуынша, бұл тек валюта бағамының құбылуымен ғана емес, басқа да нарықтық факторлармен байланысты. Көктем-жаз маусымында құрылыс материалдарының бағасы бір бірлікке шаққанда шамамен 10 пайызға өсті», – деп мәлімдеді «Аққайың-Асар» қоры.

Жыл соңына дейін мешіттің қабырғаларын тұрғызып, терезелерді салып, жертөле қабатын гидрооқшаулау, шатырын жауып, күмбезін орнату жоспарлануда. Сыртқы әрлеу жұмыстарына гранит, кірпіш және жылтыр керамикалық плиталар қолданылмақ. Бас есікке қатты ағаш түрінен ойып жасалған сәнді есік орнату көзделген. Мешіттің сыртқы реңіне сары, ақ, көк, қызғылт, көгілдір және алтын түстес бояулар үйлестірілмек.

2026 жылға арналған жоспар бойынша негізгі құрылыс аяқталғаннан кейін мешіт аумағын абаттандыру – көгалдандыру, орындықтар орнату, автотұраққа орын бөлу жұмыстары жүргізіледі.

Айта кетейік, жобада мешіт екі деңгейлі болады деп көрсетілген: бірінші қабатта – әйелдер залы, екінші қабат – негізгі намазхана. Мешіт бір мезгілде 150 адамды қабылдай алады. Сондай-ақ білім беру сыныбы, кітапхана және түрлі шаралар өткізілетін орын ашу жоспарланған. Жобаны толық аяқтау үшін шамамен 71 миллион теңге қажет.

Shares