Петропавловск
+21°C
Главная страница » CҚО » Тайынша ауданында ірі өрт болды: сегіз адам күйік алды

Тайынша ауданында ірі өрт болды: сегіз адам күйік алды

25 маусым күні Солтүстік Қазақстан облысы ТЖД-ның «101» кезекші қызметіне Тайынша ауданы, Ильичевка ауылындағы «Тайынша май» ЖШС аумағында сұйытылған газ тасымалдаған автокөліктің өртенгені туралы хабарлама түсті. Алдын ала мәлімет бойынша, газгольдерді толтыру кезінде жанармай шлангісі үзіліп, соның салдарынан газ тасымалдаушы көлік отқа оранып, жер астындағы резервуардың тіреуіш арматурасы жанып кеткен, деп хабарлайды QZ News.

Оқиға орнына жедел түрде СҚО ТЖД күштері мен құралдары, сондай-ақ Ақмола облысынан құтқарушылар тартылды. Іс-қимылды үйлестіру үшін өңіраралық өзара іс-қимыл жоспары іске қосылды.

«Оқиға салдарынан сегіз адам әртүрлі дәрежедегі күйік алып, жедел түрде Көкшетау қаласындағы облыстық ауруханаға жеткізілді. Бір адам дәрігерлердің тексеруінен кейін үйіне жіберілді. Өрт сағат 20:57-де толық сөндірілді. Жалынның жалпы аумағы 50 шаршы метрді құрады», – деп мәлімдеді СҚО ТЖД.

Өртті сөндіруге жалпы саны 80 адам және 20 бірлік техника жұмылдырылды. Олардың қатарында СҚО мен Ақмола облыстарының ТЖД қызметкерлері, Тайынша ауданындағы шаруашылық нысандардың өрт сөндіру бөлімшелері мен мемлекеттік емес өрт сөндіру қызметі де бар.

Өрттің шығу себебі анықталып жатыр. Аталған оқиға бойынша СҚО ТЖД сотқа дейінгі тергеп-тексеру жұмыстарын жүргізуде. Зардап шеккендердің қазіргі жағдайы туралы ақпаратты кейінірек СҚО денсаулық сақтау басқармасы хабарлайды.

Shares