«Тайынша-Май» ЖШС-де болған төтенше жағдайдан зардап шеккен екі адам жансақтау бөлімінде жатыр
2025 жылғы 25 маусым күні сағат 16:15 шамасында Тайынша ауданы, Ильичевка ауылындағы «Тайынша-Май» ЖШС аумағында газ жиналатын резервуарды толтыру кезінде жарылыс болды. Оқиға салдарынан DAF маркалы арнайы көлік өртеніп кетті, деп хабарлайды QZ News.
Оқиға кезінде сегіз адам зардап шекті. Олардың барлығы шұғыл түрде медициналық мекемелерге жеткізілді.
«Қазіргі таңда екі науқас Көкшетау қаласындағы облыстық аурухананың жансақтау бөлімінде жатыр, жағдайлары ауыр деп бағалануда. Тағы үшеуі Тайынша көпсалалы ауданаралық ауруханасында ем қабылдап жатыр. Үш адам жеңіл жарақат алып, алғашқы медициналық көмек көрсетілгеннен кейін үйлеріне жіберілді. Жағдай бақылауда. Қауіпсіздік шаралары толық көлемде орындалып, халық пен қоршаған ортаға ешқандай қауіп жоқ», – деп мәлімдеді СҚО денсаулық сақтау басқармасы.
Оқиғаның мән-жайы тиісті органдар тарапынан анықталуда.