Жыл басынан бері СҚО полицейлері абаттандыру ережелерін бұзған 12,5 мыңнан астам адамды анықтады

2026 жылдың басынан бері Солтүстік Қазақстан облысында абаттандыру ережелерін бұзудың 12,5 мыңнан астам фактісі тіркелді. Олардың басым бөлігі ескертумен аяқталғанымен, жүздеген тұрғынға айыппұл салынды. Полиция қызметкерлері «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бастамасы аясында күн сайын рейдтер өткізіп, әсіресе қоқысты заңсыз төгу мен қоғамдық аумақтарды ластау фактілеріне назар аударуда. Бұл туралы QZ NEWS тілшісі хабарлайды.
Осындай жағдайлардың бірі 29 қыркүйекте Петропавл қаласының Жұмысшы кентінде болды. Полиция қызметкерлері айналма жол маңындағы учаскеге құрылыс қалдықтарының үйілгенін анықтады. Құқық бұзушы 53 жастағы қала тұрғыны болып шықты. Оған қатысты ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің абаттандыру ережелерін бұзғаны үшін жауапкершілікті көздейтін 505-бабы бойынша әкімшілік хаттама толтырылды.
Полиция араласқаннан кейін ер адам кінәсін мойындап, қалдықтарды арнайы белгіленген қоқыс полигонына шығарды.
Мұндай құқық бұзушылықтар үшін жеке тұлғаларға ескерту жасалады немесе 20 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынады. Полицияның мәліметінше, жүргізіліп жатқан жұмыстың негізгі мақсаты – тұрғындарды жауапкершілікке тарту ғана емес, сонымен қатар қоршаған ортаға ұқыпты әрі жауапты көзқарас қалыптастыру.
«Көшелер мен қоғамдық орындардың тазалығы әрқайсымызға байланысты. Заңсыз тасталған бір құрылыс қапшығының өзі немесе жол жиегінде қалдырылған бір үйінді қоқыс барлық тұрғындарға ортақ мәселеге айналады. Сондықтан рейд барысында біз құқық бұзушыларды анықтап қана қоймай, тұрғындарға заң талаптарын түсіндіріп, абаттандырудың қарапайым ережелерін сақтауға шақырамыз», – деп атап өтті СҚО полиция департаментінде.
Жыл басынан бері тәртіп сақшылары осы салада 12 500-ден астам құқық бұзушылықты анықтады. 478 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылып, айыппұл салынды. Тағы 11 975 жағдайда құқық бұзушыларға ескерту жасалды.
Полиция қызметкерлерінің жұмысы әкімшілік материалдар толтырумен ғана шектелмейді. Рейдтер барысында олар тұрғындармен, кәсіпорындар мен ұйымдардың өкілдерімен профилактикалық әңгімелер жүргізіп, іргелес аумақтарды күтіп ұстау тәртібін түсіндіреді және ақпараттық жадынамалар таратады.
Полиция өкілдері стихиялық қоқыс орындарының пайда болуына, көшелер мен басқа да қоғамдық кеңістіктерді ластауға жол берілмейтінін еске салады. Қалдықтарды заңсыз үйіп қою және абаттандыру ережелерінің өзге де бұзушылықтары туралы тұрғындар 102 нөміріне хабарлай алады.
Өңірде «Таза Қазақстан» бастамасы және «Заң және тәртіп» қағидаты аясындағы рейдтік іс-шаралар күн сайын жалғасуда.
