Петропавлда ерлі-зайыптыға үкім шықты: ер адам өмір бойына, әйел 20 жылға сотталды

Петропавлда 13 жастағы қызға қатысты қылмыс жасағаны үшін ерлі-зайыптыға үкім шығарылды. Ер адам өмір бойына бас бостандығынан айырылса, оның бірге тұратын әйелі 20 жылға сотталды. Бұл туралы QZ NEWS Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
Сот алдында 34 жастағы кондитер мен медициналық мекемелердің бірінде санитар болып жұмыс істеген оның 32 жастағы бірге тұратын әйелі жауап берді. Оларға Қылмыстық кодекстің 121-бабының 4-бөлігі – «Көрінеу кәмелетке толмаған адамға қатысты сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттері» бойынша айып тағылған.
Белгілі болғандай, ерлі-зайыптының үйіне олардың туысы 13 жастағы таныс қызымен бірге келген. Жас жігіт ұйықтап қалған кезде, ерлі-зайыпты қызды жатын бөлмеге шақырып, оған қатысты сексуалдық сипаттағы әрекеттер жасаған.
Кейін мектеп оқушысы болған жағдайды ата-анасына айтып берген. Осыдан соң олар полицияға жүгінген.
Істі Солтүстік Қазақстан облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты жабық режимде қарады. 5 қазанда судья Ерлан Нұршарыпов үкімді жариялады.
«Ж.-ны кінәлі деп танып, оған өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасын тағайындау. Жазасын өтеу орны ретінде қылмыстық-атқару жүйесінің төтенше қауіпсіздік мекемесі белгіленсін», – деді Ерлан Нұршарыпов.
Сот әйелді қылмысқа көмектескені үшін кінәлі деп танып, оған 20 жыл бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Ал сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттеріне қатысты оның кінәсі дәлелденбеген деп танылып, бұл бөлік бойынша ақталды. Сотталған әйел жазасын қылмыстық-атқару жүйесінің орташа қауіпсіздік мекемесінде өтейді.
Сот екі сотталушыға да педагогикалық қызметпен және кәмелетке толмағандармен жұмыс істеуге байланысты лауазымдарды атқаруға өмір бойына тыйым салды.
Үкімді түсіндіре келе, судья Нұршарыпов бұл бап бойынша жаза баламасыз екенін және тек өмір бойына бас бостандығынан айыруды көздейтінін айтты. Ал әйелдерге өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалмайтындықтан, заң бойынша оларды 20 жылдан 25 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
Сонымен қатар сот жәбірленуші қыздың пайдасына берілген азаматтық талап-арызды толық қанағаттандырды. Сотталғандар кәмелетке толмаған жәбірленушінің анасына моральдық зиян ретінде 6 миллион теңгені ортақ тәртіппен төлеуге міндеттелді. Бұдан бөлек, сот сараптамаларын жүргізуге жұмсалған 3,6 миллион теңгеден астам қаражат сотталғандардан үлестік тәртіппен өндірілді.
Сондай-ақ сот сотталған ерлі-зайыптының кәмелетке толмаған екі баласына қатысты жеке қаулы шығарды. Енді олардың тағдырымен Петропавл қаласы білім бөлімінің қорғаншылық және қамқоршылық секторы айналысады.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.
