Петропавловск
+21°C
Главная страница » Жаңалықтар » Инвестиция СҚО-дағы ерлі-зайыптыларды 10 миллион теңге қарызға батырды

Инвестиция СҚО-дағы ерлі-зайыптыларды 10 миллион теңге қарызға батырды

October 5, 2026 11:37

 

Интернет арқылы оңай ақша табуға уәде берген алаяқтардың арбауына СҚО аудандарының біріндегі ерлі-зайыптылар түсіп қалған. Олар бар жинағынан айырылып, ірі көлемде несие рәсімдеген. Нәтижесінде интернет-алаяқтардың әрекетінен келген шығын 10 миллион теңгені құрады. Бұл туралы QZ NEWS тілшісі хабарлайды.

Оқиға Instagram желісіндегі жарнамадан басталған. Ауыл тұрғыны, 60 жастағы әйел 1991 жылға дейін туған азаматтарға банктердің бірінен төленетін жәрдемақы туралы жалған хабарландыруды көрген. Ол өз аты-жөні мен телефон нөмірін қалдырған. Осыдан кейін оған белгісіз адам хабарласқан.

Әңгімелесуші өзін «Goldmans Group» брокерлік компаниясының маманы ретінде таныстырып, инвестиция арқылы ақша табуды ұсынған. Оның нұсқауы бойынша әйел «сауда шотын» ашып, банк сервисі арқылы бөліп төлеуге алған алғашқы 100 долларын салған.

Алайда байланыс мұнымен тоқтамаған. Бір айға жуық уақыт бойы өзін сарапшы ретінде таныстырған әйел ауыл тұрғынымен тұрақты байланыста болған. Ол «мәмілелер» бойынша кеңес беріп, салым көлемін біртіндеп арттыруға көндірген. Нәтижесінде жәбірленуші «инвестицияға» күйеуін де тартқан.

Алдымен ерлі-зайыптылар өз жинақтарын пайдаланған. Кейін әртүрлі банктерден несие рәсімдей бастаған. Ақшалары таусылғаннан кейін ғана олар алаяқтардың құрбаны болғандарын түсінген.

«Мұндай схемалардың ерекшелігі – алаяқтар бірден ірі көлемде ақша аударуды талап етпейді. Алдымен аз мөлшерде қаражат салуды ұсынады, кейін жалған пайда көрсетіп, салым көлемін арттыруға көндіреді. Соның салдарынан жәбірленушілер тек жинақтарынан ғана емес, несиеге алған қаражаттарынан да айырылуы мүмкін», – деп ескертті СҚО ПД.

Тергеу барысында полиция қызметкерлері алаяқтық схемасында дроппер ретінде пайдаланылған бірнеше адамды анықтады. Полиция қызметкерлерінің түсіндіру жұмыстарынан кейін жәбірленушілер келтірілген шығынды өтеу туралы азаматтық сотқа талап-арыз берген.

СҚО ПД мәліметінше, жыл басынан бері облыста жалған инвестицияға байланысты 16 алаяқтық фактісі тіркелген. Сан жағынан бұл ең көп таралған алаяқтық схемасы емес. Алайда мұндай қылмыстардың салдарынан келтірілетін шығын көлемі көбіне аса ірі мөлшерге жетеді.

Полиция қызметкерлері интернеттен ақша табу туралы ұсыныстар түскен жағдайда қаражат аударуға асықпауға кеңес береді. Компания туралы ақпаратты өз бетінше тексеріп, күмәнді сілтемелерге өтпеу қажет. Ең бастысы – бейтаныс адамдардың нұсқауы бойынша банк операцияларын жасамаған жөн.

Shares