Ерен еңбегі еленген ұстаздар: Ұстаздар күніне орай солтүстікқазақстандық мұғалімдер ордендер және медальдармен марапатталды.

Солтүстік Қазақстан облысында Ұстаздар күні аталып өтті. С. Мұқанов атындағы қазақ сазды-драма театрында «Ұстаз – ұлт болашағының шамшырағы» атты мерекелік шара өтті. Жиында педагогтердің кәсіби жетістіктері, жас мамандарды қолдау және білім беру жүйесіндегі ұрпақтар сабақтастығы басты назарға алынды, деп хабарлайды QZ NEWS тілшісі.
Мерекелік бағдарлама «Менің мамандығым – педагог!» атты көрмеден басталды. Мұнда жас мамандардың педагогикалық идеялары, «Жас маман – жаңа қадам» жас педагогтер қауымдастығының материалдары және «Жас педагогтердің дебюті» облыстық байқауының жұмыстары таныстырылды. Сондай-ақ Ғабит Мүсірепов атындағы ауданның педагогикалық сынып оқушылары болашақ ұстаздармен кездесті.
Ұстаздарды құттықтаған СҚО әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов өңір оқушыларының жетістіктеріне тоқталды. Ол республикалық Тамыз конференциясында солтүстікқазақстандық білім беру саласының нәтижелері жоғары бағаланғанын, соның ішінде Бірыңғай ұлттық тестілеу көрсеткіштері атап өтілгенін айтты.
«Бұл – тек білім беріп қана қоймай, шәкірттеріне өз күшіне сенуге, алдына биік мақсаттар қойып, нәтижеге жетуге көмектесетін ұстаздар еңбегіне берілген жоғары баға», – деді Ғауез Нұрмұхамбетов.
Әкім педагогтер жұмысының тағы бір маңызды көрсеткіші ретінде PISA-2025 халықаралық зерттеуінің нәтижелерін атады. Солтүстік Қазақстан облысы Қазақстанның үздік үш өңірінің қатарына еніп, жаратылыстану-ғылыми сауаттылық бойынша бірінші, оқу және математикалық сауаттылық бойынша үшінші нәтиже көрсетті.
«Бұл көрсеткіштердің артында мұғалімнің күнделікті еңбегі тұр. Сабаққа дайындық, жаңа тәсілдерді іздеу, қателермен жұмыс істеу және әр баланың қабілетіне деген сенім – осының бәрі ұстаз еңбегінің бір бөлігі», – деп атап өтті өңір басшысы.
Ғауез Нұрмұхамбетов ауыл мектептерін дамыту мәселесіне де жеке тоқталды. Соңғы үш жылда «Қазақстан халқына» қоры тірек және оған бекітілген мектептерді, сондай-ақ арнайы ұйымдарды заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз етуге 4 миллиард теңгеден астам қаржы бағыттаған.

Өңір басшысы заманауи құрал-жабдықтармен жұмыс істеп, оқушылардың практикалық және зерттеушілік дағдыларын дамытып жүрген солтүстікқазақстандық педагогтердің кәсіби біліктілігіне де жоғары баға берді.
Ауыл мектептеріне әдістемелік қолдау көрсету жұмыстары да жалғасуда. «Ауылдық жерлердегі мектептердің әлеуетін дамыту» жобасы аясында білім беру жүйесінің 420 менеджерінің басқарушылық құзыреті арттырылып, 600-ден астам педагог жаңа технологияларды қолдану және функционалдық сауаттылықты дамыту бойынша оқудан өтті.
«Заманауи құрал-жабдықтар мен мықты әдістемелік қолдаудың осындай үйлесімі ауыл мектептерінің материалдық базасын жаңартумен ғана шектелмей, ауылдық жерлердегі білім беру сапасының нақты артуы туралы айтуға мүмкіндік береді», – деді әкім.
Мерекелік шараның маңызды бөлігі – ұстаздарды марапаттау рәсімі болды. Көп жылғы еңбегі, өскелең ұрпақты оқыту мен тәрбиелеуге қосқан үлесі үшін бірқатар мұғалім мемлекеттік және ведомстволық наградалармен, сондай-ақ облыс әкімінің марапаттарымен марапатталды.
«Құрмет» орденіне педагогика саласының ардагері Валентина Кондратова, дарынды балаларға арналған Әбу Досмұхамбетов атындағы мектеп-интернатының қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Жадра Қаржауова, Смирново №1 мектебі директорының орынбасары Ләзат Қыдықова және Саумалкөл №2 мектеп-гимназиясының орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Наталья Дель ие болды.
«Ерен еңбегі үшін» медалімен облыстық дарынды балаларға арналған ЛОРД мамандандырылған мектеп-лицей-интернатының математика пәнінің мұғалімі Татьяна Коломиец, Солтүстік Қазақстан жоғары кәсіптік-педагогикалық колледжінің оқытушысы Ақбөпе Жүсіпова және география пәнінің мұғалімі Роман Гиричев марапатталды.
Өңір басшысы мемлекет тарапынан педагогтерді қолдау шараларының жүйелі түрде кеңейіп келе жатқанын атап өтті. Соңғы жеті жылда СҚО-ның 29 педагогі жоғары мемлекеттік наградалармен марапатталған. Әкімнің айтуынша, тек биылдың өзінде алты педагог «Құрмет» орденіне, тағы екі ұстаз «Ерен еңбегі үшін» медаліне ие болған.

«Бұл – мемлекеттің ұстаз еңбегіне деген зор құрметінің белгісі. Алдағы уақытта да лайықты педагогтер мемлекет тарапынан назардан тыс қалмайтынына сенімдімін», – деді Ғауез Нұрмұхамбетов.
Әкімнің сөзінде жас педагогтер тақырыбына да ерекше орын берілді. Ол «Жас маман – жаңа қадам» қауымдастығының жұмысын және республикалық Тамыз конференциясында Мемлекет басшысының алдында облыстың жас ұстаздарының атынан сөз сөйлеген қауымдастық төрағасы Роман Гиричевтің еңбегін атап өтті.
«Оның белсенді ұстанымы, кәсіби біліктілігі, жас педагогтерді біріктіруге деген ұмтылысы – бүгінгі білім беру жүйесіне қажет көшбасшылықтың нақты үлгісі. Осындай жас ұстаздар – отандық білім беру саласының болашағы», – деп атап өтті әкім.
Ғауез Нұрмұхамбетовтің пікірінше, жас адамның мектеп қабырғасында жүріп-ақ мұғалім мамандығын саналы түрде таңдауы маңызды. Сондықтан өңірде педагогикалық сыныптарды дамытуға ерекше көңіл бөлінуде.
Мамандық сабақтастығын Ғабит Мүсірепов атындағы ауданның Новоишим №2 мектебіндегі педагогикалық сыныптың оқушысы Полина Рогожинаның мысалы айқын көрсетеді. Ол отбасындағы педагогикалық дәстүрді жалғастыруды шешіп, мұғалім атанатын төртінші буын өкілі болмақ.
«Бүгін мұғалім мамандығын таңдаған әр жас бір күні: «Мен дұрыс таңдау жасадым», – деп айтсын», – деп тілек білдірді өңір басшысы.
Сөз соңында Ғауез Нұрмұхамбетов әр буын педагогін біріктіретін басты құндылық – балалар алдындағы жауапкершілік пен таңдаған ісіне адалдық екенін атап өтті.
«Бүгін осында отырып, тағы бір мәрте көз жеткіздім: солтүстікқазақстандық білім берудің ең басты байлығы – өз ісіне бар ынтасымен беріліп, еңбегіне сенетін адамдар», – деді әкім.
Өңір басшысы жас мамандарды қолдауды күшейтуді де ұсынды. Оның бастамасымен келер жылдан бастап жас педагогтер арасында өтетін «Дебют» облыстық байқауының қорытындысы бойынша ақшалай сыйлықтар тағайындау жоспарлануда. Бас жүлдеге – 1 миллион теңге, бірінші орынға – 800 мың, екінші орынға – 600 мың, үшінші орынға 400 мың теңге беріледі.

Мерекелік кеш концерттік бағдарламамен жалғасты. Сондай-ақ шара барысында өмірінің ондаған жылын білім саласына арнаған педагогика ардагерлеріне құрмет көрсетіліп, оларды Ұстаздар күнімен құттықтады.
