Петропавловск
+21°C
Главная страница » Жаңалықтар » Петропавлдан Мысырға халықаралық рейстерді қайта жаңғырту жоспарлануда

Петропавлдан Мысырға халықаралық рейстерді қайта жаңғырту жоспарлануда

Солтүстік Қазақстан облысының делегациясы 23–25 сәуір аралығында Алматы қаласында өтіп жатқан KITF «Туризм және Саяхат» 23-ші Қазақстандық Халықаралық көрмесіне қатысуда, деп хабарлайды QZ News.

СКО делегациясының құрамына кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшылығы, облыстық туристік қауымдастық өкілдері, Петропавл қаласындағы халықаралық әуежайдың басшылығы және өңірдегі туристік бизнес өкілдері кіреді.

Көрменің бірінші күні аясында СҚО делегациясы «SCAT Airlines» және «FlyArystan» әуе компанияларымен Петропавл қаласынан халықаралық рейстер ашу мәселесі бойынша келіссөздер жүргізді.

Атап айтқанда, «SCAT Airlines» компаниясымен осы жылдың қыс мезгілінде Петропавлдан Египеттің Шарм-эль-Шейх қаласына халықаралық рейстерді қайта іске қосу мәселесі қарастырылуда.

Сонымен қатар, шетелдік лоукостерлер, сақтандыру агенттері, «BAI Group Qazaqstan» туристік операторы, сондай-ақ «Dreamescapetravels», «MUNAITOUR» және «Travelclub.kz» туристік компанияларымен кездесулер өтті.

Айта кетейік, KITF халықаралық көрмесі 2001 жылдан бері өткізіліп келеді. Бұл көрме – Орталық Азиядағы туризм саласындағы ең ірі кәсіби алаң және елдің туристік саласындағы басты оқиға болып табылады. Көрме индустриясының сарапшылары KITF-ке халықаралық B2B стандарттарына сәйкестігі үшін UFI (Дүниежүзілік көрме индустриясы қауымдастығы) сапа белгісін берген. KITF аясында мемлекетаралық және шекара маңы ынтымақтастығы бойынша меморандумдар, келісімдер мен бағдарламаларға қол қойылып, республикалық кеңестер, пленарлық отырыстар, роуд-шоулар, семинарлар, таныстырылымдар және басқа да салалық іс-шаралар өткізіледі. Бұл көрменің Қазақстан мен Орталық Азиядағы туризм нарығы үшін тиімділігін көрсетеді.

Shares