Петропавловск
+21°C
Главная страница » Жаңалықтар » Қазақстанның 19 өңірінен келген 55 оқушы СҚО-да өткен «Мағжан оқуларына» қатысты

Қазақстанның 19 өңірінен келген 55 оқушы СҚО-да өткен «Мағжан оқуларына» қатысты

Солтүстік Қазақстан облысында жалпы білім беретін мектеп оқушылары арасында республикалық ғылыми-шығармашылық «Мағжан оқулары» байқауы өтті. Байқау кезеңдеріне 16 облыс пен республикалық маңызы бар 3 қаладан келген 55 дарынды оқушы қатысты, деп хабарлайды QZ News «Қызылжар дарыны» орталығына сілтеме жасап.

Бұл байқау ақынның туған жерінде 2004 жылдан бері жыл сайын өткізіліп келеді. Салтанатты ашылу рәсімі мен байқау номинациялары Петропавл қаласындағы Оқушылар сарайында өтті. Сонымен қатар қатысушылар Мағжан Жұмабаев ауданына қарасты Сарытомар ауылына — ақынның туған жеріне арнайы барып, музеймен танысып, ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, ақын рухына тағзым етті.

Қазылар алқасының құрамында М.Қозыбаев атындағы СҚУ профессор-оқытушылары, Қазақстан Жазушылар одағының мүшелері, ақындар мен композиторлар болды. Қатысушылар үш номинация бойынша сынға түсті: көркем оқу, ғылыми жоба және авторлық поэзия.

«Мағжан оқулары — жай ғана байқау емес. Бұл — ұлы поэзиямен рухани байланыс орнатуға, сөздің қадірін түсініп, көркем ойлау қабілетін дамытуға мүмкіндік. Біз әрбір қатысушыны мақтан тұтамыз және ұстаздарына сіңірген еңбегі үшін шын жүректен алғыс айтамыз», — деді «Қызылжар дарыны» орталығының директоры Бақыт Ғабдуллина.

Жеңімпаздар дипломдармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды. Сондай-ақ барлық қатысушыларға сертификаттар табысталып, ерекше көзге түскен 6 қатысушыға арнайы алғыс грамоталары табысталды.

Shares