Қызылжар ауданына қарасты Прибрежное ауылында тұрғындар мехбригадалар жөндеген үйлеріне кіруде
Аққайың ауданы мен Алматы облысынан келген мехбригада мамандары Қызылжар ауданының Прибрежное ауылындағы үйлерді әлі қалпына келтіруде. Жұмыс ауқымды. Жігіттер бел жазуды ұмытқан. Су тасқыны елді мекенге үлкен зиян келтіргенін жұртшылық жақсы біледі, деп хабарлайды QZ Мedia тілшісі.
“Прибрежное ауылына 15 мамырда келдік. Бізге 14 үй бекітілді. Келген кезде қорқынышты жағдай алдымыздан шықты, бірінші күннен бастап адамдарға көмектесу үшін көп жұмыс істеп жатырмыз. 4 үйді тапсырдық, оларда адамдар тұрады, халық жұмыс сапасына риза”, – деді Алматы облысының мехбригада маманы Базарбай Жұмашев.
Любовь Трикоз үйінің жедел жөндеуден өткеніне қуанышты. Ауыл тұрғыны жұмысшылар мен жергілікті билік өкілдеріне дән риза.
“Мен кіші қызыммен тұрамын. 1984 жылдан бастап осы ауылда тұрып жатырмын. Бізді бірінші рет қатты су басты. Мехбригада жігіттеріне алғыс айтамын, әкімге де бізді қолдағаны үшін ризамыз, қиындықта қалдырмады. Менің үйім бір айда қалпына келтірілді, мамандар жөндеу жұмыстарын жүргізген кезде менімен кеңесіп отырды”, – деді Қызылжар ауданы Прибрежное ауылының тұрғыны Любовь Трикоз.