Петропавлда «Бизнес в плюсе» курсының алғашқы легін 25 әйел аяқтады

Жеке кәсіп ашу – істің жартысы ғана. Ал қаржыны дұрыс басқаруды, отбасылық бюджетті кәсіпорынның табысынан ажыратуды, қызмет құнын сауатты есептеуді және тапқан ақшаның қайда жұмсалып жатқанын түсінуді үйрену әлдеқайда күрделі. Дәл осы практикалық мәселелер «Кәсіпкер әйел» жобасы аясында Петропавлда өткен «Бизнес в плюсе» курсының алғашқы легінде қарастырылды. Оқу бағдарламасын аяқтаған қатысушылар өз жобаларын қорғады. Бұл туралы QZ NEWS тілшісі хабарлайды.
Оқу мен жеке жобаларын қорғау қорытындысы бойынша 25 әйел сертификат алды. Бірі үшін бұл сабақтар жұмыс істеп тұрған кәсібінің жұмысын жүйелеуге мүмкіндік берсе, енді бірі үшін кәсіпкерлікке бастар алғашқы маңызды қадам болды. Курс барысында қатысушылар қаржылық есеп жүргізу, салық салу, бизнес-жоспарлау мәселелерін меңгеріп, шығындарды бағалауды, жеңілдіктер мен түрлі акциялардың тиімділігін есептеуді үйренді.
«Қаржылық сауаттылық» деген құрғақ ұғымның астарында күнделікті өмірде кездесетін нақты мәселелер жатыр. Кәсіпкер күні бойы жұмыс істеп, тапсырыс қабылдап, тауар сатуы мүмкін. Алайда кешке қарай бизнесті одан әрі дамытуға қаражат қалмағанын байқайды. Түсім бар, сауда жүріп жатыр, бірақ нақты пайда ойлағандай болмай шығады. Оқыту барысында осындай мысалдар негізге алынды.
Қатысушыларға кәсіпкерлік саласындағы практикалық мәселелермен айналысып жүрген мамандар өз білімдерімен бөлісті. Динара Бектурова теориялық білімді нақты бизнес-жобаларда қолдану жолдарын түсіндірсе, Ирина Демидова жеңілдіктер мен жарнамалық ұсыныстардың экономикалық тиімділігін талдады. Ал Юлия Максаймер салық талаптарымен, заң алдындағы жауапкершілікпен және кәсіпкерлік міндеттемелермен таныстырды.

Курсқа қатысушылардың бірі – кәсіби бағдар беру маманы Татьяна Веремская. Осы уақытқа дейін оның еңбек жолы мемлекеттік қызметпен тығыз байланысты болған. Ол 19 жыл бойы жалдамалы қызметкер ретінде жұмыс істеген. Енді кәсіпкерлікке жаңаша көзқараспен қарап жүргенін айтады. Оның сөзінше, курс барысында жекелеген құралдарды меңгеруден гөрі, өз ісіне деген көзқарасын өзгерту ерекше қызықты болған.
«Мен белгілі бір жүйе бойынша жұмыс істеуге үйренгенмін. Ал бұл жерде шешім қабылдап, оның нәтижесіне жауап беретін адамның рөлін өзіме сынап көруге тура келді. Кәсіби бағдар беру кезінде жасөспірімдерге мамандықты тек қызығушылық тұрғысынан ғана емес, өз мүмкіндіктерін, тәуекелдері мен болашағын бағалай отырып таңдауға үйретемін. Бір кезде осы үдерістен өзім де өтуім керектігін түсіндім. Кәсіппен айналысуды қалау жеткіліксіз, ол үшін ойлау жүйесін де өзгерту қажет», – дейді Татьяна Веремская.
Ол үшін бұл оқу кәсіпкерлік туралы қалыптасқан түсініктерін саралауға мүмкіндік берген өзіндік сынақ болды. Өйткені жастарға өз бетінше таңдау жасау мен жауапкершілік туралы айту бір бөлек те, жаңа мәселелерді меңгеріп, дербес шешім қабылдауға тура келетін жағдайға өзіңнің тап болуың мүлде басқа.
«Кәсіпкер әйел» жобасы Кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасы мен Солтүстік Қазақстан облысы Кәсіпкерлер палатасының қолдауымен жүзеге асырылып жатыр. Әйелдер үшін оқу тегін. Алғашқы лек 2 қарашада басталған. «Бизнес в плюсе» бағыты аяқталғаннан кейін тағы екі бағдарлама бойынша сабақтар жалғасты. «Құндылық формуласы» және «Сату автопилоты» бағыттары бойынша оқуға тағы 69 адам кірісті.

Жалпы, өңірлік бағдарлама аясында әрқайсысы 40 академиялық сағаттан тұратын алты оқу бағыты қарастырылған. Қаржы және салық салумен қатар, әйелдер маркетингтік талдауды, әлеуметтік желілерде ілгерілетуді, нысаналы жарнаманы, жасанды интеллект көмегімен онлайн сауда жүргізуді, бағдарламалау дағдыларынсыз сайттар мен чат-боттар құруды, сондай-ақ жеке брендті дамытып, Reels арқылы сатылым жасауды меңгере алады.
Ұйымдастырушылар СҚО-дағы 150 әйел кәсіпкерді оқытумен қамтуды жоспарлап отыр. Сабақтар офлайн форматта өтеді. Оларды кемінде үш жылдық жұмыс тәжірибесі бар практик-мамандар жүргізеді. Сертификат алу үшін қатысушылар қорытынды тестілеуден өтіп, сұрақтардың кемінде 70 пайызына дұрыс жауап беруі тиіс.
