Петропавловск
+21°C
Главная страница » ҚР Президентінің Жолдауы » «Архив – келер ұрпаққа білім көзі»: Сәуле Мәлікoва Тоқаевтың цифрландыру жөніндегі тапсырмаларына пікір білдірді

«Архив – келер ұрпаққа білім көзі»: Сәуле Мәлікoва Тоқаевтың цифрландыру жөніндегі тапсырмаларына пікір білдірді

November 6, 2026 11:06

Цифрландыру экономика мен бизнестің дамуына ғана емес, тарихи жадыны сақтауға да жаңа мүмкіндіктер ашады. Заманауи технологиялар архив құжаттарын зерттеушілерге, студенттер мен жастарға қолжетімді ете алады. Мұндай пікірді Солтүстік Қазақстан мемлекеттік архивінің директоры Сәуле Мәлікoва Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауына қатысты пікір білдіру барысында айтты, деп хабарлайды QZ NEWS тілшісі.

Мемлекет басшысы цифрлық экономиканы дамытуды Қазақстанның стратегиялық міндеттерінің бірі ретінде белгіледі. Әңгіме жаңа технологияларды енгізумен ғана шектелмейді. Ең бастысы – олардың әлеуетін өмірдің барлық саласында тиімді пайдалану. Қазірдің өзінде елде екі суперкомпьютер іске қосылды. Жыл соңына дейін тағы біреуін пайдалануға беру жоспарланып отыр.

Солтүстік Қазақстан мемлекеттік архиві үшін цифрлық трансформацияның маңызы ерекше. Мұнда өңір мен ел тарихын бейнелейтін екі миллионға жуық құжат сақтаулы. Олардың бір бөлігі тарихи және ғылыми тұрғыдан айрықша құнды. Қазіргі уақытта архив қорының шамамен 13 пайызы электронды форматқа көшірілген.

«Архив – ескі құжаттар сақталатын орын ғана емес. Бұл – әрбір жаңа ұрпақ үшін өзектілігін жоғалтпайтын, білімнің қайнар көзі. Жастар тарихи құжаттардан алыста қалған өткенді ғана емес, бүгінгі күнді тереңірек түсінуге мүмкіндік беретін құндылықты көре білуі маңызды», – дейді Сәуле Мәлікoва.

Жұмыстың келесі кезеңі жасанды интеллектіні қолданумен байланысты. Архив басшысының пікірінше, мұндай құралдар тарихи материалдарды жаңаша таныстырып, жастардың қызығушылығын арттыруға мүмкіндік береді. Сондай-ақ мекеме мамандары цифрлық ортаның өздігінен білім алуға және зерттеу жұмыстарымен айналысуға қолайлы жағдай жасауы маңызды деп санайды.

«Жастарды цифрлық сервистерді пайдалануға ғана емес, өз бетінше білім іздеуге, ақпаратты талдауға және зерттеу жүргізуге үйрету аса маңызды. Технологиялар бұл үшін кең мүмкіндік береді. Ал біз жастардың осы мүмкіндіктерді толық пайдалануына көмектесуіміз керек», – деп атап өтті архив директоры.

Президент өз Жолдауында Үкіметке жыл соңына дейін цифрлық жұмыспен қамтуға арналған жеңілдетілген құқықтық режим қалыптастыруды да тапсырды. Бұл жаңа жағдайларда азаматтардың кәсіби тұрғыдан дамуына және өз әлеуетін жүзеге асыруына жол ашуы тиіс.

Солтүстік Қазақстан облысы үшін архив саласын цифрландыру – тарихи мұраны сақтап, оны болашақ ұрпаққа жеткізудің нақты тетіктерінің бірі. Сонымен қатар заманауи технологиялар тарихты халыққа жақындатып, құжаттарды көпшілік үшін қолжетімді ете түседі.

Shares