Петропавловск
+21°C
Главная страница » CҚО » СҚО-да ЖРВИ-дің 14 мыңнан астам жағдайы тіркелді

СҚО-да ЖРВИ-дің 14 мыңнан астам жағдайы тіркелді

November 6, 2026 16:00

Солтүстік Қазақстан облысында жіті респираторлық вирустық инфекциялар мен тұмауға қатысты эпидемиологиялық жағдай тұрақты. Алайда 1 қазанда басталған жаңа эпидемиялық маусымнан бері өңірде жіті респираторлық вирустық инфекцияның 14 327 жағдайы тіркелген. Тек соңғы аптада 2 569 адам ауырған. Ал зертханалық зерттеулер нәтижесінде тұмау жұқтырғандар әзірге анықталған жоқ, деп хабарлайды QZ NEWS тілшісі.

Маусымдық сырқаттанушылықтың артуына байланысты аурудың алдын алу мен вакцинацияға ерекше назар аударылып отыр. Облыста халықты тұмауға қарсы иммундау науқаны 6 қазанда басталды. Осы мақсатта Ресейде өндірілген «Гриппол Плюс» вакцинасының 60 мың дозасы сатып алынған. Препарат ең алдымен тәуекел тобына жататын азаматтарға арналған.

Тегін екпені медицина қызметкерлері, созылмалы аурулары бар балалар, балалар үйлерінің тәрбиеленушілері, егде жастағы адамдар, жүкті әйелдер, мектеп оқушылары және созылмалы дертке шалдыққан науқастар ала алады. Вакцинация тіркелген жері бойынша емханаларда жүргізіледі. Бүгінгі таңда тәуекел тобына жататын 42 231 адам екпе салдырған.

СҚО санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінде медициналық көмекке уақытылы жүгіну аурудың асқынуының алдын алуда маңызды рөл атқаратынын атап өтті. Әсіресе, кішкентай балалары бар ата-аналар олардың денсаулығына мұқият қарауы қажет.

«Респираторлық инфекцияның алғашқы белгілері байқалған кезде өз бетінше емделуге болмайды. Дене қызуының көтерілуі, әлсіздік, тамақтың ауыруы және мұрынның бітелуі аурудың басталғанын білдіруі мүмкін. Мұндай жағдайда дәрігерге қаралу немесе маманды үйге шақыру қажет. Егер бала ауырса, оны үйде қалдырып, балабақшаға немесе мектепке жібермеу маңызды. Бұл инфекцияның айналадағыларға таралуын шектеуге көмектеседі», – деп хабарлады ведомствода.

Дәрігерлер ЖРВИ-дің ұзаққа созылуы ауыр зардаптарға әкелуі мүмкін екенін ескертеді. Соның ішінде ең қауіпті асқынулардың бірі – пневмония. Сондықтан ауруды аяққа тұрып өткеруге және мамандарға қаралуды кейінге қалдыруға болмайды.

Жұқтыру қаупін азайту үшін қарапайым профилактикалық шараларды сақтау қажет. Сырқаттанушылық өршіген кезеңде бөлмені жиі желдетіп, қолды мұқият жуу, қажет болған жағдайда антисептик қолдану маңызды. Адам көп жиналатын орындарда медициналық бетперде таққан жөн. Сонымен қатар толыққанды ұйқы, дұрыс тамақтану және дене белсенділігі де аурудың алдын алуға ықпал етеді.

Shares