Петропавлда аутизм спектрінің бұзылысы бар балаларға арналған интерактивті ойын ұйымдастырылды

Петропавл қаласында аутизм спектрінің бұзылысы (АСБ) бар балалардың қатысуымен «Сұлулық салоны» атты интерактивті сюжеттік-рөлдік ойын өтті. Танымдық іс-шара барысында балалар түрлі әлеуметтік рөлдерді сомдап, шаштараз, стилист және клиент міндеттерін орындап көрді. Бұл туралы QZ NEWS тілшісі хабарлайды.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай тәжірибелік сабақтар балаларға қуаныш сыйлап қана қоймай, олардың жеке қабілеттерін дамытуға, таланттарын ашуға, өзіне деген сенімділігін арттыруға және қарым-қатынас дағдыларын қалыптастыруға ықпал етеді. Бастама Солтүстік Қазақстан облысының Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының жүйелі қолдауымен жүзеге асырылып келеді.

Әлеуметтік жоба аясында қазіргі таңда түзету-дамыту жұмыстарының 11 негізгі бағыты ұйымдастырылған. Олардың қатарында сабын жасау, пластилинография, гипс бұйымдарын бояу, нейророст, логоритмика, LEGO бөлшектерінен құрастыру және басқа да шығармашылық бағыттар бар.
Әрбір бағыт тәрбиеленушілердің қоғамға бейімделуіне, күнделікті тұрмысқа қажетті дағдыларды меңгеруіне және қолайлы, қолдаушы ортада шығармашылық қабілеттерін танытуына мүмкіндік береді.

