Солтүстікқазақстандық зергер Ержан Әубәкіров табиғи минералдардан бірегей бұйымдар жасайды

Әрбір әшекейдің артында бірнеше сағаттық тынымсыз еңбек, дәл есеп пен өзгелер жай ғана тас деп қарайтын минералдан сұлулықты көре білу қабілеті жатыр. Солтүстік Қазақстан облысы Есіл ауданының тумасы Ержан Әубәкіров он жылға жуық уақыттан бері табиғи минералдар мен бағалы металлдарды өңдеумен айналысады. Петропавлда өткен заманауи қолөнер фестивалі – QYZYLJAR QOLÖNER көрмесінде шебер өз қолынан шыққан бұйымдарын таныстырып, зергерлік өнерге қалай келгенін айтып берді. Бұл туралы QZ NEWS тілшісі хабарлайды.
Ержанның зергерлік өнерге келу жолы Мәскеу мемлекеттік көркемөнеркәсіп академиясында білім алудан басталған. С.Г. Строганов атындағы оқу орнында ол зергер-гравер мамандығын меңгерді. Сонымен қатар табиғи тастарды өңдеуді де үйренді. Күндіз сабаққа қатысса, кешкі уақытта шеберханада жұмыс істеп, минералдарға қажетті пішін беруді меңгерген.
Академияны тәмамдағаннан кейін өзіне қажетті құрал-саймандарды біртіндеп жинап, зергерлік шеберханаларда жұмыс істеп, тәжірибе жинақтады. Кейін жеке кәсібін дамытуға бел буған. Бүгінде оның туындыларында күміс, мельхиор және табиғи тастар үйлесім тапқан. Осы жылдар ішінде шебер Қазақстан мен Ресейдегі геологтармен, басқа да қолөнершілермен байланыс орнатып, олармен минералдар мен тәжірибе алмасып келеді.
Ержан өзінің алғашқы әшекейін әлі күнге дейін ұмытқан емес. Бұл жақын досына арнап жасаған, күміс жиектемеге орнатылған көгілдір ақық тастан жасалған аспа әшекей болатын. Досы оны сүйіктісіне сыйлағысы келген. Міне, дәл осы бұйым шебердің авторлық әшекейлерінің тарихына бастау берген.

Зергер ең алдымен минералдардың өзіне ерекше мән береді. Фестиваль барысында ол келушілерге металл тәрізді жылтыры мен өзіне тән кристалдық қырлары бар пирит тасын көрсетті. Оны халық арасында «ақымақтардың алтыны» деп те атайды. Себебі сыртқы келбеті бағалы металға ұқсайтындықтан, ертеректе адамдар пиритті алтын деп ойлаған.
«Меніңше, әр тастың өзіндік ерекшелігі бар. Олар да өсіп, бойында кристалдар қалыптасады. Әр минералдың өз құрылымы мен өрнегі болады. Тіпті бір-біріне ұқсас екі тасты алсаңыз да, олардың айырмашылығы міндетті түрде байқалады», – дейді Ержан Әубәкіров
Шебер өз жұмысында көгілдір ақық, малахит, турмалин, кварц, агат және басқа да минералдарды пайдаланады. Олардың бірі оңай өңделсе, енді біріне көп күш жұмсауға тура келеді. Мәселен, кварц пен агаттың қаттылығы жоғары болғандықтан, оларды кесу және тегістеу үшін арнайы құралдар мен жабдықтар қажет. Ал жұмсақ минералдарды өңдегенде материалға зақым келтіріп алмау үшін ерекше ұқыптылық керек.
Бір сақинаны жасауға кемінде сегіз сағат уақыт кетуі мүмкін. Алдымен шебер тасты өңдейді. Содан кейін металды дайындайды: балқытып, жаныштап, қажетті пішінге келтіреді, дәнекерлейді. Тек содан кейін ғана жылтырату жұмыстарына кіріседі. Әр кезең мұқияттылықты талап етеді. Себебі бір ғана қателік бірнеше сағаттық еңбекті зая кетіруі мүмкін.
Дайын эскиздер шеберде әрдайым бола бермейді. Кейде болашақ бұйымның идеясын тастың өзі ұсынады. Ал оның пішіні жұмыс барысында қалыптасады. Күрделі дүниелерді жасау үшін Ержан дизайнермен бірлесіп жұмыс істейді. Ол бұйымның көркемдік шешімін әзірлеуге көмектеседі.

Тәжірибесі мол болғанымен, зергерлік өнерді тұрақты кәсіпке айналдыру әзірге оңай емес. Қазір шебердің жеке шеберханасы жоқ. Өйткені ғимаратты жалға алу мен қажетті жабдықтарды сатып алуға қомақты қаражат қажет. Отбасын асырап, екі баласын тәрбиелеу үшін ол уақытының басым бөлігін негізгі жұмысына арнайды. Ал зергерлік өнермен бос уақытында айналысады.
Ержан өз бұйымдарын негізінен жәрмеңкелер мен фестивальдерде таныстырады. Әлеуметтік желілерде аса белсенді емес. Себебі оған сатып алушылармен бетпе-бет сөйлескен ұнайды. Сол кезде тас туралы, оны өңдеу ерекшеліктері мен әшекейдің жасалу тарихын жеке айтып бере алады.
«Мен үшін барлық бұйымым қымбат. Тіпті кейбірі ойлағанымдай шықпаса да, бәрібір өзімнің туындым болып қалады. Әрқайсысына қаншама еңбек сіңіргенімді жақсы білемін», – дейді зергер.
QYZYLJAR QOLÖNER фестивалі шебердің шығармашылық орталық алаңында ұйымдастырылған осындай шараға үшінші рет қатысуы.
Ал металл мен табиғи тастардан бұйым жасауды енді ғана қолға алғысы келетін жандарға Ержан асықпауға және алғашқы сәтсіздіктерден кейін мойымауға кеңес береді.
«Ең алдымен шыдамдылық, табандылық пен төзімділік тілеймін. Ең бастысы – ешқашан берілмеу, үйрену, тәжірибе жинақтау, жаңаны тану және өз ісіңді шын жүректен жақсы көру», – деп түйіндеді шебер.
