Петропавловск
+21°C
Главная страница » Біздің халық » Петропавл қаласының әкімі Серік Мұхамедиев Лидия Черепанованы 100 жасқа толған мерейтойымен құттықтады

Петропавл қаласының әкімі Серік Мұхамедиев Лидия Черепанованы 100 жасқа толған мерейтойымен құттықтады

November 7, 2026 20:23

Петропавл қаласының әкімі Серік Мұхамедиев тыл еңбеккері Лидия Яковлевна Черепанованы 100 жасқа толған мерейтойымен құттықтап, шаңырағына арнайы барды. Кездесу жай ғана құттықтаумен шектелмеді. Шай үстінде соғыс жылдарындағы естеліктер, алғашқы еңбек жолы, зауыттағы достық пен сол кездегі қарапайым сыйлықтың өзі үлкен қуанышқа айналған кезеңдерді еске алды. Бұл туралы QZ NEWS тілшісі хабарлайды.

Қала әкімі мерейтой иесіне құр қол келмеді. Ол өзімен бірге алқызыл раушан гүл шоғын және сыйлықтар салынған себет ала келді. Серік Мұхамедиев Лидия Яковлевнаны мерейтойымен құттықтап, зор денсаулық, күш-қуат тіледі. Сондай-ақ қажет болған жағдайда қалалық қызметтер әрдайым көмек көрсетуге дайын екенін жеткізді. Бұдан бөлек, 9 мамырда тағы да арнайы келуге уәде берді.

Үй иесі қонақтарды көтеріңкі көңіл күймен қарсы алды. Денсаулығына шағымы жоқ, тәбеті мен ұйқысы да жақсы. Әлеуметтік қызметкерлердің көмегінен бас тартқан. Себебі барлық шаруасын өзі атқарады, ал қажет болған жағдайда жақындары жанынан табылады. Немересі жұбайымен бірге азық-түлік пен дәрі-дәрмек әкеліп, үй шаруасына және жөндеу жұмыстарына көмектеседі. Лидия Яковлевнаны мерейтойымен құттықтауға туған-туыстары, оның ішінде үлкен қызы мен Краснодардан келген отбасы мүшелері де жиналды. Жасы жүзге келген кейуана үшін бұдан асқан қымбат сыйлық жоқ шығар.

Лидия Яковлевнаның өмір жолы Көкшетау облысындағы Алексеевка ауылынан басталған. 1938 жылдың жазында әпкесіне қонаққа келген ол Петропавлда мәңгілікке тұрақтап қалды. Горький атындағы мектепте оқып, жеті сыныпты тәмамдаған. Одан кейін балалық шағы тез аяқталды.

Он төрт жарым жасында бойжеткен астық дайындау саласындағы зертханашылардың екі айлық курсын аяқтайды. Сөйтіп, астық қабылдау пункттерінде, соның ішінде шалғай ауылдарда еңбек ете бастайды. Науқан кезінде астық қабылдаумен айналысса, қалған уақытта желілік элеваторда жұмыс істеген.

Соғыс жылдары ұзақ ойлануға мүмкіндік бермеді. Қолда бар құрал-жабдықпен жұмыс істеуге тура келді. Ол кезде ылғал өлшейтін құралдар болмағанын еске алады кейуана. Сондықтан керосин шамы мен басқа да қарапайым құрылғыларды пайдаланған.

Жеңістен кейін еңбек жолын Куйбышев атындағы зауытта жалғастырды. 1945 жылы Лидия бас технолог бөлімшесіне сызбашы болып жұмысқа орналасады. Екі жылдан соң кәсіпорын оны Ленинград қаласына бір жылдық курсқа жібереді. Оқуын аяқтап оралғаннан кейін үшінші санатты конструктор қызметіне тағайындалады.

1960 жылы Петропавл ауыр машина жасау зауытына ауысып, зейнетке шыққанға дейін рационализация және өнертапқыштық бөлімінде инженер болып еңбек етті. 1970 жылы есімі зауыттың Құрмет кітабына енгізілді.

Алайда Лидия Яковлевна жастық шағын еске алғанда, әңгіме тек цехтар мен жұмыс кабинеттері төңірегінде өрбімейді. Оның жадында еңбек күндерін ғана емес, бос уақытын да бірге өткізген жандардың бейнесі сақталған.

«Ұжымымыз өте жақсы болды. Бәріміз тату едік. Ақша жинап, мерекелерді бірге атап өтетінбіз, ән айтып, би билейтінбіз. Жағдайымыз жұпыны болса да, бірлігіміз жарасқан еді. Ешкім бір-бірінің қолында не бар екеніне қарамайтын. Қолда барға қуануды білдік», – деп еске алады ол.

Зауыттағы көркемөнерпаздар үйірмесіне қатысты ерекше естелігі де бар. Бірде құрбысымен бірге сахнаға киіз етікпен шыққан. Сәнді киім де, арнайы дайындық та болмаған. Тек өнер көрсетуге бел буған қарапайым жұмысшы қыздар еді. Олардың өнері көпшіліктің көңілінен шығып, құрбылар жүннен тоқылған көйлекпен марапатталады. Бүгінгі ұрпақ үшін бұл жай ғана киім болуы мүмкін. Ал сол кезде мұндай сыйлық үлкен оқиға саналған. Лидия Яковлевна бұл сәтті әлі күнге дейін күлімсіреп еске алады.

Жеке өмірі де сән-салтанатсыз, бірақ болашаққа деген үмітпен өрілді. 1949 жылы, 23 жасында тұрмысқа шыққан. Ақ түсті қалыңдық көйлегі болмаған, той да қарапайым жағдайда өткен. Дегенмен, Лидия Яковлевнаның айтуынша, ең бастысы – сол күннің жақсы өтуі.

Отбасында соғыс жылдарының ауыр қасіреті де болған. Ағаларының бірі концлагерьге түссе, екіншісі майданда соғысқан. Уақыт өте келе жақындарының барлығы өмірден озды. Бүгінде ол өз буынынан қалған жалғыз жан. Мұндай естеліктер артық сөзді қажет етпейді. Оның артында тұтас бір дәуір мен адам тағдыры жатыр.

Бүгінде Лидия Яковлевна Қазақстан мен Петропавл туралы ерекше жылылықпен әңгімелейді. Салыстырып айтуға да мүмкіндігі бар. Ол қаланың соғыс жылдарындағы және соғыстан кейінгі кезеңін көрді, көшелер мен үйлердің қалай өзгергеніне куә болды. Туған жерін тастап, ешқайда кеткісі жоқ.

«Мен мұндағы әр көшені, әр үйді білемін. Қазақстанда тыныш әрі бейбіт өмір. Бізде бәрі бар: кен де, көмір де, алтын да, су да, жылу да жеткілікті. Дүкендерде тауар мол, зейнетақы уақытылы төленеді. Мен бұл жерден ешқайда кеткім келмейді. Бүкіл өмірім осында өтті», – дейді зейнеткер.

Әңгіме барысында жас ұрпақтың жетістіктері де сөз болды. Лидия Яковлевна немерелерінің оқуы мен қызығушылықтары туралы мақтанышпен баяндады. Отбасындағы жаңалықтардан үнемі хабардар болып, әрқайсысының жетістігіне қуанады. Арадағы қашықтық та туыстардың бір-біріне жақын болуына кедергі емес. Кейде телефон арқылы тілдесудің өзі көңілге медеу.

Бұл кейуананың өмір жолында соғыс жылдарындағы еңбек, өнеркәсіп орындарында өткен ондаған жылдық қызмет, зауыттың Құрмет кітабына енген есім және өз көзімен көрген тұтас Петропавл тарихы бар. Соған қарамастан, оның әңгімесінде қарапайым қуаныштарға да орын табылады. Достармен жүздесу, ән айту, отбасылық дастарқан басында бас қосу және күтпеген жерден жасалған сыйлық – мұның бәрі оның жадында сақталған.

Осындай кездесулердің мәні де осында болса керек. Ресми құттықтаудың астарында адаммен бірге отырып, оның әңгімесін тыңдау, өмір жолына құрмет көрсету және өз тарихын тағы бір мәрте баяндауына мүмкіндік беру жатыр.

Shares