Ақжар ауданындағы «НР-Агро» ЖШС-да орақ науқаны аяқталуға жақын

Ақжар ауданындағы «НР-Агро» ЖШС-да орақ науқаны аяқталуға жақын. Биылғы маусымдағы күрделі ауа райына қарамастан, шаруашылықта өнімді жинап алуға мүмкіндік бар деп отыр, деп хабарлайды QZ NEWS тілшісі.
Биыл агроқұрылым дәнді және майлы дақылдар егуге шамамен 6 мың гектар жер бөлген. Орақ науқаны тамыздың алғашқы онкүндігінде басталған. Қазіргі таңда жұмыстардың шамамен 70 пайызы орындалды. Егіс алқабында оннан астам комбайн жұмыс істеп жатыр.
«Жауын-шашын аз болды. Соған қарамастан, дәнді дақылдардың гектарынан 16 центнерден өнім алып жатырмыз. Биылғы жыл үшін бұл жаман көрсеткіш емес. Минералды тыңайтқыштар енгіздік. Бұл – мемлекет тарапынан көрсетіліп отырған үлкен көмек. Тыңайтқыштар өнімділікті айтарлықтай арттырады. Егер тыңайтқыш қолданбағанымызда, қазір мұндай өнім болмас еді», – деді «НР-Агро» ЖШС-ның бас агрономы Николай Мулин.
Шаруашылық мамандарының айтуынша, ылғал тапшылығы дақылдарды өсіру жағдайына әсер еткен. Дегенмен алынған астықтың сапасы жақсы деп бағаланып отыр. Өнімнің қалыптасуында минералды тыңайтқыштарды, соның ішінде мемлекеттік қолдау аясында сатып алынған аммиак селитрасы мен аммофосты қолдану маңызды рөл атқарған.
«НР-Агро» ЖШС-ның тарихы 17 жылды қамтиды. Кәсіпорын өз жұмысын 500 гектар жерден бастаған. Бүгінде дәнді және майлы дақылдар өсіруге маманданған. Шаруашылықта 18 адам еңбек етеді.
Биыл аграршылар өсірілетін дақылдар түрін де кеңейтуді қолға алған. Алғаш рет рапс пен зығыр егіп, тәжірибе жүргізді. Рапсқа 80 гектар жер бөлінген. Алғашқы нәтиже мамандардың көңілінен шыққан.
«Биыл көктемгі дала жұмыстарына толық дайындалдық. Мемлекет тарапынан өте жақсы қолдау көрсетілді. Бұл – арзандатылған дизель отыны, сондай-ақ «60/40» бағдарламасы бойынша минералды тыңайтқыштар. Кейін лизинг арқылы 5 пайыздық мөлшерлемемен жаңа техника алдық. Биыл жаңа дақылдарды енгіздік. Көлемі аз болғанымен, бұл тәжірибелік рапс егісі еді. 80 гектар жерге септік. Нәтижесінде гектарынан 9 центнерден өнім алдық. Биылғы жыл жағдайында бұл өте жақсы көрсеткіш», – деді «НР-Агро» ЖШС директоры Шолпан Смағұлова.
Шаруашылық үшін ауыспалы егіс алқабын кеңейту – дамудың негізгі бағыттарының бірі. Ал әзірге басты міндет – қалған алқаптардағы өнімді оңтайлы мерзімде жинап, алынған астықты сақтап қалу.
