Петропавловск
+21°C
Главная страница » Біздің халық » Бескөлдік Лариса Колесникова экзотикалық құстар өсірумен айналысады

Бескөлдік Лариса Колесникова экзотикалық құстар өсірумен айналысады

November 18, 2026 17:24

Құс өсіруге деген бұрыннан келе жатқан қызығушылығын ерекше тәжірибемен ұштастырған Қызылжар ауданының Бескөл ауылында тұратын Лариса Колесникова африкалық түйеқұстар өсіруді қолға алды. Бес бірдей алып құс жаңа мекенге біртіндеп үйреніп келеді. Ал олардың иесі тек құстарды өсіріп қана қоймай, солтүстік өңірдің климаттық жағдайында да түйеқұс шаруашылығын дамытуға болатынын дәлелдеуге ниетті, деп хабарлайды QZ NEWS тілшісі.

Кейде үлкен істің басталуына қарапайым қызығушылық пен бұрын-соңды жасап көрмеген дүниені байқап көруге деген құлшыныс себеп болады. Лариса Колесникованың шаруашылығында түйеқұстардың пайда болуы да осындай ойдан басталған. Тауық, күркетауық, қаз бен үйрек оның күнделікті тіршілігінің ажырамас бөлігіне айналған. Алайда бір күні әйел мүлде жаңа бағытты қолға алуды ұйғарады. Осылайша көптен бергі ой біртіндеп ерекше тәжірибеге ұласып, бүгінде оған бүкіл отбасы қызығушылықпен бақылау жасап отыр.

Лариса құс өсіруді алғашында небәрі он жұмыртқалайтын тауықтан бастаған. Кейін бройлер, қаз, үйрек, бөдене, мысыр тауығы мен кең төсті күркетауық өсіре бастады. Уақыт өте келе шаруашылығы кеңейіп, құс өсіруге деген қызығушылығы да арта түсті. Алайда түйеқұс өсіру туралы ой әйелдің көкейінде көптен бері жүрген. Бұл арманын жүзеге асыру оңай болмады. Өйткені мұндай құстарды Қазақстанға әкелу үшін бірқатар құжаттарды рәсімдеу қажет.

Мүмкіндік күтпеген жерден туды. Бірде Лариса интернеттен Қазақстанның оңтүстігіндегі түйеқұс фермасы туралы бейнеролик көреді. Сөйтсе, бұл бағыт ол жақта біршама дамып үлгерген екен. Әйел шаруашылық иелерімен байланысып, құстарды сатып алуға келіседі. Арада небәрі екі күн өткенде оның ауласында бес бірдей кішкентай түйеқұс пайда болады.

Лариса үшін бұл бес құс шаруашылыққа қосылған кезекті жануарлар ғана емес. Олардың артында табандылықты, шыдамдылықты және мүлде бейтаныс істі меңгеруге дайын болуды талап еткен көптен бергі арман тұр. Енді күн сайын жаңа бақылаулар мен қызықты сәттерге толы. Түйеқұстар өсіп, жаңа ортаға бейімделіп, иесін танып, аулада өздерін барған сайын еркін сезіне бастады.

«Түйеқұс өсіруді 2026 жылдың қыркүйек айынан бастадым. Олар келген кезде небәрі бір айлық еді, әрқайсысының салмағы шамамен бір жарым келі болатын. Қазір үш айлық болды. Әрқайсысының салмағы 40 келіге жуықтады. Мұндай құс өсіруді көптен бері армандап жүр едім. Тек бұған қалай қол жеткізуге болатынын бұрын білмейтінмін», – дейді Лариса Колесникова.

Бүгінде ерекше үй жануарларына күтім жасауға айрықша назар аудару қажет. Дене бітімі ірі болғанымен, түйеқұстар әлі де өте әуесқой әрі ширақ. Олардың күнделікті азығына дән қоспасы, жүгері, ұлу қабыршағы, сондай-ақ алма, қырыққабат пен қияр кіреді. Шаруашылық иесінің айтуынша, оларды азықтандыру қалыпты үй құстарын күтуден аса ерекшеленбейді.

Ересек түйеқұстың бойы 2,7 метрге дейін жетіп, салмағы шамамен 150 келі болады. Бұл – жылдамдығымен әрі төзімділігімен ерекшеленетін қазіргі құстар арасындағы ең ірілерінің бірі. Лариса өз құстарының қаншалықты жүйрік екенін іс жүзінде байқап үлгерген. Бірнеше рет балапандар қоршаудан шығып кетіп, жылқыларға қарай бет алған.

«Оларды қуып жету мүмкін болмады деуге болады. Ұлымды көмекке шақыруға тура келді. Өйткені жылқылар түйеқұстарды теуіп немесе байқамай басып кетуі мүмкін деп алаңдадым. Шынымды айтсам, қатты қорықтым, тіпті денем түршігіп кетті. Осы жағдайдан кейін қоршауларды әлдеқайда мұқият қадағалап, олардың бүтіндігін үнемі тексеріп отыратын болдым», – деп еске алады кейіпкеріміз.

Дегенмен түйеқұстар ойлағандай үркек болып шықпаған. Олар адамдарға қызығушылық танытып, байланыс орнатуға бейім әрі айналасындағы дүниені мұқият зерттейді. Ларисаның айтуынша, әзірге құстардың агрессивті мінез-құлқын байқамаған. Десе де, олардың мінезі туралы түпкілікті пікір айтуға әлі ерте. Өйткені құстар енді өсіп келеді, ал алда ересек кезеңге өтуі күтіп тұр.

Әйелдің айтуынша, оларды бақылау еш жалықтырмайды. Ерекше құстардың әрбір қимылы өзінше қызық, ал кейде олардың әуесқойлығы еріксіз күлкі шақырады. Лариса үшін бұл – күн сайын жаңа нәрсе үйренудің мүмкіндігі. Құс өсіруде біршама тәжірибесі болса да, түйеқұстардың келуімен ол іс жүзінде бәрін қайта бастағандай.

Бірнеше айдың ішінде кішкентай түйеқұстар шаруашылықтың көзге түсер бөлігіне айналды. Лариса ерекше құстарды өсірумен бірге үлкен жауапкершілік жүктелгенін де жақсы түсінеді. Өйткені олардың қалай өсіп-жетілуі және суық маусымды аман өткеруі ең алдымен күтім мен қолайлы жағдайға байланысты.

Алдағы алғашқы солтүстікқазақстандық қыс үлкен сынақ болмақ. Шаруашылық иесі түйеқұстардың қатты аязға қалай төтеп беретінін әзірге білмейді. Сондықтан оларға қолайлы жағдай жасап, жылы қора дайындауды алдын ала қолға алған. Құстарды бағып-күту кезінде бұдан өзге күрделі қиындықтар туындамаған. Олар жолды да, карантин кезеңін де жақсы өткерген.

«Менің ойымша, қажетті жағдай жасалса, біздің өңірде де түйеқұс өсіруге әбден болады. Әрине, қыста өздерін қалай сезінетінін әзірге білмеймін. Бірақ бәрін еңсереміз деп үміттенемін. Ең бастысы – жақсы әрі жылы қора дайындап, дұрыс күтімді қамтамасыз ету», – дейді Лариса.

Әйел болашақта бұл ерекше әуестігін шаруашылықтың табысты бағытына айналдыруды да жоққа шығармайды. Түйеқұстар еті, жұмыртқасы мен қауырсыны үшін өсіріледі. Ересек ұрғашы түйеқұс шамамен үш жасынан бастап жұмыртқалайды. Бір маусымда 40-тан 80-ге дейін жұмыртқа бере алады. Ал бір жұмыртқаның салмағы бір жарым-екі келіге жетеді.

Дегенмен әзірге Солтүстік Қазақстан облысында түйеқұс өнімдеріне деген сұраныс туралы айтуға ерте. Жергілікті тұрғындар үшін бұл – әлі де тың әрі көп зерттелмеген бағыт.

«Әзірге мұндай өнімге сұраныс қаншалықты болатынын білмейміз. Бірақ адамдар түйеқұс етінің дәмін татып, ол туралы көбірек білген сайын қызығушылық міндетті түрде артады деп ойлаймын. Бұл құстар өте жылдам өсіп, салмақ қосады. Сондықтан ет бағытында өсіру тиімді болуы мүмкін. Әрине, бәрін уақыт көрсетеді», – дейді шаруашылық иесі.

Бұл оқиғада әзірге ауқымды бизнес-жоспарлар мен болашақ табыстың есебі жоқ. Тек жаңалық ашуға құмар, белгісіздіктен қорықпайтын және өзгелердің батылы жете бермейтін іске тәуекел еткен жан бар. Лариса бұл тәжірибесінің сәтті болғанын және бір күні Солтүстік Қазақстандағы жеке аулаларда түйеқұс өсіру таңсық болудан қалатынын қалайды.

Ерекше құс өсіруді армандаған жандарға қандай кеңес берер едіңіз деген сауалға Лариса көп ойланбастан, қорықпай, тәуекел ету керектігін айтады. Өзі де бұл қадамға ең алдымен қызығушылықтың арқасында барғанын жасырмайды. Қалыпты тіршіліктің шеңберінен шығып, жаңа істі меңгеріп, өңірде түйеқұс өсіруді алғашқылардың бірі болып қолға алғысы келген.

«Менің жай ғана осындай алып құсты өсіргім келді. Қарапайым үй құстарын өсіруге үйреніп кеттім, сондықтан жаңа әрі беймәлім дүниені байқап көргім келді. Біздің өңірде де түйеқұс шаруашылығы дамиды деп ойлаймын. Қазақстанның оңтүстігінде бұл бағыт қазірдің өзінде қарқын алып келеді. Уақыт өте келе солтүстік аймақтарда да дамитынына сенімдімін. Сондықтан байқап көргісі келетіндерге айтарым: сатып алып, өсіріп, батыл қадам жасаңыздар!»

Әзірге бес бірдей қанатты алып солтүстік өңірдегі жаңа өмірге енді ғана бейімделіп келеді. Алда оларды өсу кезеңі, алғашқы қыс және шаруашылық иесін күтіп тұрған талай жұмыс бар. Лариса үшін бұл – өз күмәнін жеңіп, көптен бергі арманын жүзеге асыру жолындағы шағын жеңіс.

Еске сала кетейік, Солтүстік Қазақстан облысында тағы бір тұрғын түйеқұс өсіруді қолға алған. Ол – Тимирязев ауданының тұрғыны Татьяна Ильина.

Shares