Петропавловск
+21°C
Главная страница » Жаңалықтар » Мағжан Жұмабаев ауданында «Урал» мотоциклімен үш қабанның етін алып бара жатқан браконьерлер ұсталды

Мағжан Жұмабаев ауданында «Урал» мотоциклімен үш қабанның етін алып бара жатқан браконьерлер ұсталды

November 19, 2026 16:32

Солтүстік Қазақстан облысы Мағжан Жұмабаев ауданының полицейлері «Браконьер» жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында рейд жүргізу кезінде ауыл маңындағы даладан бүйір тіркемесі бар «Урал» мотоциклін байқаған. Көлікте үш ер адам болған. Бұл туралы QZ NEWS тілшісі хабарлайды.

Жүргізуші полицияның тоқтау туралы талабына бағынбай, қашуға әрекеттенген. Алайда мотоцикл шұңқырға түсіп, өшіп қалған. Осыдан кейін ер адамдар жан-жаққа қаша жөнелгенімен, тәртіп сақшылары оларды қолға түсірді. Тіркемені тексеру барысында полицейлер үш жас қабанның өлексесін тапқан. Ал тастап кеткен мотоциклдің жанындағы даладан тіркелмеген 12 калибрлі «ИЖ-12» маркалы қос ұңғылы мылтық анықталды.

Заңсыз аңшылық жасады деген күдікке 49 жастағы жергілікті тұрғын ілінді. Оның айтуынша, ол ауыл маңындағы жабайы қабандардың бір үйірін алдын ала аңдып, үш торайын атып алған. Кейін олжаны тасымалдауға көмектесу үшін ауылдастарын шақырған.

Қазір мемлекетке келтірілген залал көлемі анықталып жатыр. Полиция қызметкерлері браконьерлік үшін 3 мың айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салудан бастап, үш жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылғанын ескертеді.

Shares