Петропавловск
+21°C
Главная страница » Біздің халық » Зейнетке шыққаннан кейін петропавлдық Гаухар Сағитова 60-тан астам қуыршақтан тұратын авторлық топтама жасады

Зейнетке шыққаннан кейін петропавлдық Гаухар Сағитова 60-тан астам қуыршақтан тұратын авторлық топтама жасады

November 19, 2026 13:28

Петропавл қаласының тұрғыны Гаухар Сағитова зейнетке шыққаннан кейін өзі үшін күтпеген жерден қолөнер әлемін ашты. Бір кездері медицина саласында еңбек еткен ол бүгінде үйреншікті құралдардың орнына ине-жіп, мата мен сәндік әшекейлерді серік еткен. Барлығы бір ғана жаңа жылдық Ақшақар қуыршағын жасаудан басталған. Ал қазір оның топтамасында 60-тан астам қуыршақ бар. Олардың әрқайсысында шебердің қиялы мен жан дүниесінің бір бөлшегі сақталған, деп хабарлайды QZ NEWS тілшісі.

Осыдан бірнеше жыл бұрын Гаухар қуыршақ жасау өмірінің маңызды бөлігіне айналады деп ойламаған да еді. Бұрын жұмыс, күнделікті тіршілік пен отбасы қамынан қолы босамайтын. Зейнетке шыққан соң бос уақыты көбейіп, әйел оны қызықты бір іспен айналысуға арнауды ұйғарды. Өткен жылы Жаңа жыл мерекесі қарсаңында өз қолымен Ақшақар жасағысы келді.

Алғашында бұл мерекеге орай әдемі дүние жасап көруге деген қарапайым талпыныс еді. Алайда іске кіріскен сәттен бастап қызығушылығы артып, сүйікті ісіне айналды. Материал таңдау, киім тігу, әшекейлеу және қуыршақтың бейнесін қалыптастыру Гаухарды баурап алды. Көп ұзамай ол өзін жаңа бағытта сынап көргісі келді.

«Бұл іспен соншалықты әуестеніп кетемін деп ойламадым. Тек өз қолыммен Ақшақар жасап, қызықты бір дүниені байқап көргім келді. Алғашқы жұмысымды аяқтаған кезде осы процестің өзі маған қатты ұнайтынын түсіндім. Содан кейін тағы не жасауға болатынын ойлай бастадым. Осылайша ұлттық киім киген қазақ қуыршақтарын жасауға көштім. Жай ғана ойыншық емес, өзіндік ерекшелігі бар, ұлттық нақышы сезілетін әдемі бейнелер жасағым келді. Әр жолы жаңа идеялар туып, бұл істен қол үзе алмадым. Қазір қолөнер бос уақытымның едәуір бөлігін алады. Одан ерекше ләззат аламын», – дейді Гаухар.

Шебердің ерекше ықыласы қазақтың ұлттық киімін киген қуыршақтарға ауған. Олардың әрқайсысы арқылы дәстүрлі киімнің сұлулығын жеткізуге тырысады. Тіпті ең ұсақ бөлшектеріне дейін мән береді. Көйлек, ою-өрнек, әшекей бұйымдар мен бас киімдер бір-бірімен үйлесуі керек. Гаухар үшін дайын қуыршақ жай ғана ойыншық емес, өзіндік тарихы бар туынды болғаны маңызды.

Сонымен қатар, шебердің қатаң ұстанатын дайын үлгілері жоқ. Ол кезекті жұмысының қандай болатынын алдын ала сирек жоспарлайды. Кейде әдемі түстер үйлесімін немесе ерекше сәндік бөлшекті көрудің өзі жаңа бейненің дүниеге келуіне түрткі болады. Гаухар материалдарды өзі таңдап, киім үлгісін ойластырады, безендіру тәсілдерін де үнемі өзгертіп отырады.

«Мен ешқашан дайын сызбаға сүйеніп жұмыс істемеймін. Әдетте бәрі біртіндеп қалыптасады. Алдымен жалпы бейнесін елестетемін, содан кейін киімін, әшекейлерін және басқа да ұсақ бөлшектерін таңдаймын. Кейде жұмыс барысында мүлде басқа идея туып, бастапқы ойымды өзгертіп жатамын. Әрине, бәрі бірден ойдағыдай бола бермейді. Кейде қайта жасауға, кейбір бөлшектерін алып тастап, жаңасын қосуға тура келеді. Бірақ бұл маған қызық. Әр қуыршақтың өзіндік ерекшелігі болғанын, алдыңғысына ұқсамағанын қалаймын. Дайын жұмысыма ұзақ қарап, тағы не жетіспейтінін ойланамын. Тек содан кейін ғана бейнесі толық аяқталғанын түсінемін», – дейді шебер.

Гаухар алғашқы қуыршағын жасауға шамамен бір ай уақыт жұмсаған. Қазір ондаған жұмыстың тәжірибесі жинақталғандықтан, ісі әлдеқайда жылдам жүреді. Жинаған тәжірибесі материалдарды жақсы тануға, түстерді үйлестіруге және әр бөлшектің қандай болатынын алдын ала елестетуге көмектеседі. Қажетті заттардың барлығын жергілікті қолөнер дүкендерінен сатып алады. Әрбір ұсақ-түйекті мұқият таңдайды. Өйткені кейде кішкентай әшекей немесе ерекше әрлеу қуыршақтың бейнесін толықтырып, оған өзгеше көрік береді.

Бір жыл ішінде сүйікті ісі үлкен топтамаға айналды. Бүгінде онда 60-тан астам қуыршақ бар. Олардың шамамен қырыққа жуығы – алдағы мерекеге дайындалған жаңа жылдық кейіпкерлер. Тағы он бес шақтысы қазақтың ұлттық киімін киген қуыршақтар. Ал Гаухар мұнымен тоқтап қалуды ойламайды.

Біртіндеп оның ерекше әуестігі туралы айналасындағылар да біле бастады. Қолынан шыққан туындылар көпшіліктің назарын аударып, қуыршақ сатып алғысы келетіндер көбейді. Қазір әйел Instagram әлеуметтік желісі арқылы тапсырыс қабылдап, бұйымдарын таныстарына сатады. Шағын шығармашылық кәсібін де дамытып келеді. Өз қолымен жасаған дүниелерінің біреуге ұнап, жақындарына сыйлық ретінде тарту етілуі оған ерекше қуаныш сыйлайды.

Ал Гаухардың шығармашылық жолындағы ең әсерлі оқиға бес жасар немересімен байланысты. Әжесін қазақтың ұлттық көйлегін киген қуыршақ жасауға алғаш ынталандырған да – осы бүлдіршіннің қалауы. Дүкендерден көңілінен шығатын ойыншық табылмаған соң, екеуі оны өз қолдарымен жасап көруге шешім қабылдаған.

Осылайша, баланың қарапайым арманы әжесі мен немересіне ортақ қызықты іске айналды. Екеуі бірге қуыршақтың киімін ойластырып, бұрымын өріп, әшекейлерін таңдап, жаңа арудың біртіндеп пайда болғанын қызыға тамашалаған. Оның үстіне кішкентай көмекші тек сырттай бақылап қана қоймай, өз ұсыныстарын да айтып отырған.

«Бірде немерем қуыршақтың киіміне үлбірден әрлеу жасауды ұсынғаны есімде. Оның кеңесіне құлақ асып едім, өте әдемі болып шықты. Қазір қолөнермен айналыссам, немерем үнемі қандай жаңалық ойлап тапқанымды сұрайды. Кейде қасыма келіп, жұмысымды мұқият қарап, өз ұсыныстарын айтады. Оның да бұл іске қызығатыны мені қуантады. Осындай сәттер мен үшін өте қымбат. Өйткені бірге уақыт өткізіп, ой бөлісеміз, өз қолымызбен бір дүние жасаймыз», – дейді Гаухар ерекше жылылықпен.

Әйел үшін қолөнер әлдеқашан бос уақытты өткізудің жай ғана тәсілі болудан қалған. Әр қуыршақтың артында бірнеше сағаттық тынымсыз еңбек, шыдамдылық пен ойлаған нәтижеге қол жеткізуге деген ұмтылыс жатыр. Кейде дайын бөлшектерді қайта сөгіп, киімін өзгертуге немесе кейбір элементтерін басынан жасауға тура келеді. Дегенмен, мұндай қиындықтар оның шығармашылыққа деген құлшынысын бәсеңдетпейді. Керісінше, әр жаңа жұмыста бұрын-соңды жасап көрмеген дүниелерді сынап көргісі келеді.

«Мен үнемі жаңа нәрсені үйреніп, қолымнан келетін дүниелермен ғана шектелгім келмейді. Қазір, мысалы, Клеопатраның қуыршағын жасауды ойлап жүрмін. Оны ерекше киімімен, әдемі әшекейлерімен көрікті етіп жасағым келеді. Әзірге бұл ойымды қалай жүзеге асыруға болатынын қарастырып жүрмін. Жалпы, идеяларым көп. Кейде жай ғана бір затты немесе әдемі бөлшекті көріп қалсаң, оны өз жұмысыңда қалай пайдалануға болатынын бірден елестете бастайсың. Әрбір жаңа қуыршағым алдыңғысынан да қызықты болғанын қалаймын. Мені алға жетелейтін де осы», – дейді ол.

Гаухар өз оқиғасын ерекше жағдай деп есептемейді. Ол бір кездері жай ғана жаңа іспен айналысып көруге мүмкіндік беріп, күтпеген жерден өзіне шынайы қуаныш сыйлайтын дүниені тапты.

«Мен үнемі бір нәрсені ұнатсаң, міндетті түрде байқап көру керек деп айтамын. Жасыңның нешеде екені немесе бұрын қандай іспен айналысқаның маңызды емес. Ең бастысы – ниет, қиял және шыдамдылық. Бірінші реттен ойдағыдай шықпаса, көңіліңді түсірмеу керек. Менің де қолымнан бәрі бірден келе қойған жоқ. Үйрендім, байқап көрдім, қайта жасадым. Бірақ жаның сүйетін іспен айналысқанда көңіл күйің де өзгереді. Қазір жаңа бейнелер ойлап тауып, шығармашылықпен айналысқым, жақындарым мен өзге адамдарды қуантқым келеді. Бір кездері сол алғашқы Ақшақарды жасауға бел буғаныма өте қуаныштымын», – дейді Гаухар Сағитова.

Гаухар үшін әрбір жаңа қуыршақ – кезекті бұйым ғана емес. Бұл – өз ойын жүзеге асыруға, біреуге қуаныш сыйлауға және сүйікті ісіңе уақыт табуға ешқашан кеш емес екенін тағы бір мәрте сезінуге мүмкіндік. Кейде өмірге жаңа бояу қосу үшін кішкентай ғана арманның өзі жеткілікті.

Shares