Петропавловск
+21°C
Главная страница » CҚО » Петропавлда Қазақстандағы ең ірі CT AGRO сервистік орталығы ашылды

Петропавлда Қазақстандағы ең ірі CT AGRO сервистік орталығы ашылды

November 19, 2026 11:53

Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов CLAAS және HORSCH ауыл шаруашылығы техникаларын жөндеу және техникалық қызмет көрсету жұмыстарымен айналысатын CT AGRO компаниясының жаңа сервистік орталығының ашылу салтанатына қатысты, деп хабарлайды QZ NEWS.

Солтүстік Қазақстан облысы – еліміздегі жетекші аграрлық өңірлердің бірі. Аймақтағы шаруашылықтарда аталған неміс брендтерінің техникалары кеңінен қолданылады. Петропавл қаласындағы қолданыстағы зауыт іске қосылған сәттен бастап жоғары өнімді ауыл шаруашылығы техникаларының шамамен 2,5 мың данасы шығарылған.

Жаңа сервистік орталықтың ашылуы аграрлық секторға арналған инфрақұрылымды дамытудың кезекті кезеңі болды. Оның жалпы аумағы 3 мың шаршы метрге жуық. Мұнда жөндеу шеберханалары мен қоймалар орналасқан. Бұл техникаларға қызмет көрсету мүмкіндігін кеңейтіп, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің өтініштеріне жедел жауап беруге мүмкіндік береді.

«Ауыл шаруашылығы экономикамызда маңызды рөл атқаратын өңір үшін сапалы сервистік қызметтің қолжетімді болуы айрықша мәнге ие. Әсіресе, көктемгі егіс және күзгі жиын-терім науқандары кезінде техниканың үздіксіз жұмыс істеуі дала жұмыстарының мерзіміне тікелей әсер етеді. Жаңа орталық шаруаларға қажетті техникалық қолдау көрсетіп, жөндеу мәселелерін жедел шешуге мүмкіндік береді», – деді Ғауез Нұрмұхамбетов.

Жаңа нысанның аумағы компанияның өңірдегі бұрынғы сервистік алаңынан он есе үлкен. CT AGRO – Қазақстандағы ауыл шаруашылығы техникасын жеткізуші жетекші компаниялардың бірі. Оның еліміздің 15 өңірінде филиалдары бар.

Shares