СҚО-да Орталық Азиядағы алғашқы қазақ-қытай аграрлық ғылыми орталығы құрылады

Солтүстік Қазақстан облысында Қытай Халық Республикасының Хэнань провинциясымен ынтымақтастықты дамытуға арналған халықаралық бизнес-форум өтті. Іс-шараға Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов, Henan Agricultural Investment Capital Co., Ltd. компаниясының бас директоры Чэнь Хуайань, Henan Agricultural Investment Group өкілдері, Хэнань провинциясындағы 20-дан астам ірі аграрлық кәсіпорынның өкілдері және жергілікті бизнес-қоғамдастық басшылары қатысты, деп хабарлайды QZ NEWS.
Форумның негізгі жобасы – Kozybayev University базасында қазақ-қытай аграрлық ғылыми орталығын құру. Жобаның бірінші кезеңіне шамамен 9 млрд теңге инвестиция салынады.
Бұл бастама өткен жылы Солтүстік Қазақстан облысы делегациясының Қытайға жасаған сапары барысында қол жеткізілген уағдаластықтардың жалғасы болмақ. Сол кезде университет пен Henan Agricultural Investment Capital компаниясы агроөнеркәсіптік кешен саласындағы ұзақ мерзімді ғылыми жобаны бірлесіп жүзеге асыру туралы келісімге қол қойған болатын.
«Біз уағдаластықтардан нақты іске көшу кезеңіне қадам бастық. Жаңа орталық бірлескен зерттеулер жүргізуге, тәжірибе алмасуға және заманауи ғылыми әзірлемелерді тікелей ауыл шаруашылығына енгізуге мүмкіндік береді», – деді облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов.
Форум аясында алдағы ынтымақтастықты дамыту жөніндегі меморандумдарға қол қойылды. Бұл құжаттар Хэнань провинциясымен серіктестікті кеңейтуге, сондай-ақ жаңа бірлескен инвестициялық және ғылыми жобаларды пысықтауға негіз болады.
Өңіраралық тікелей байланыстарды дамыту Қазақстан мен Қытай арасындағы стратегиялық әріптестікті нығайтып, аймақ экономикасы мен аграрлық ғылымының дамуына жаңа мүмкіндіктер ашады.
