Ауылға кадр даярлау: СҚО-да инновациялық оқу-өндірістік агрохаб салу ұсынылды

Кадр тапшылығы Солтүстік Қазақстан облысының агроөнеркәсіптік кешені үшін басты сын-қатерлердің біріне айналып отыр. Өңірдің ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілері технологиялық серпіліске, қолжетімді несиелерге және заманауи техникамен жоғары деңгейде жарақтандырылуына қарамастан, ауылда жұмыс істейтін мамандардың жетіспей жатқанын атап өтуде, деп хабарлайды QZ NEWS тілшісі.
«Зенченко және К» КС директоры Геннадий Зенченко кадр мәселесін қазіргі ауыл шаруашылығының негізгі проблемаларының бірі деп атады. Өңірде мал шаруашылығы мен сүт өндірісінде пилоттық жобалар жүзеге асырылуда. Шаруашылықтар біртіндеп күрделі әрі технологиялық жұмыс тәсілдеріне көшіп жатыр. Алайда осы технологияларды басқара алатын мамандардың саны жеткіліксіз.
Зенченконың айтуынша, мәселе тек жоғары білімді мамандарға қатысты емес. Ауыл шаруашылығына білікті механизаторлар, заманауи техниканың операторлары, мал шаруашылығы мамандары, электршілер, дәнекерлеушілер, технологтар және басқа да жұмысшы кәсіп иелері қажет. Оның үстіне шаруашылықтардағы жалақы деңгейі қазірдің өзінде айтарлықтай жоғары.
«Ауылдық жерде жыл бойы жұмыс істейтін механизаторлардың барлығы дерлік жылына 9-10 миллион теңгеден алады деп айтуға болады», – деді кәсіпорын басшысы.
Сонымен бірге қоғамда ауылдағы жалақы туралы түсінік көбіне мүлде басқа. Әлеуметтік желілерде шаруашылықтардың 500-600 мың теңге жалақыға механизатор іздейтіні туралы хабарландырулар кейде күлкіге себеп болып жатады.
«Ешкім жарнамаламайды, ешкім ештеңе айтпайды», – деді Геннадий Зенченко ауыл шаруашылығындағы жұмысқа орналасудың нақты мүмкіндіктері туралы айта келе.
Осылайша Геннадий Зенченко облыс басшылығына қарастыруды ұсынған идея дүниеге келді.
Оның пікірінше, Солтүстік Қазақстан облысы елімізде алғашқылардың бірі болып аграрлық сектордың қажеттілігіне тікелей бағытталған орта кәсіптік білім берудің заманауи оқу-өндірістік кешенін құра алар еді. Мұндай нысанның Петропавлда емес, ауылдық жерде орналасуы аса маңызды. Мұнда тек оқу ғимараттары ғана емес, жер телімдері, техника және мал шаруашылығы нысандарынан тұратын өндірістік база болуы қажет.
«Бұл ұсыныс – жай ғана бір нысанды салып қою емес. Бүгінде жастарымыздың ауылда қалмайтынын, оларды ауыл шаруашылығы кәсіптеріне қалай тартуға болатынын, осы мамандықтар мен қызметтерге қызығушылығын қалай арттыру керектігін жан-жақты зерттеу керек. Жастар бұл мамандықтар мен лауазымдарға қуана баратындай жағдай жасау қажет», – деп түсіндірді Геннадий Зенченко.
Ол Татарстанның тәжірибесін мысалға келтірді. Онда жұмысшы кадрларды даярлау жүйесі белсенді дамып келеді. Идеяның мәні – тағы бір білім беру нысанын салуда емес. Жастар ауыл шаруашылығы мамандығын заманауи, сұранысқа ие әрі лайықты жалақы төленетін кәсіп ретінде қабылдайтын орта қалыптастыру қажет.
«Бұл жай ғана есеп үшін емес, жастарды нақты тарту үшін, ең заманауи жаңа кешен құру үшін жасалуы керек», – деп атап өтті КС басшысы.
Бұл ұсынысты облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов қолдады. Ол аграрлық сектордағы кадр тапшылығы мәселесінің өзіне жақсы таныс екенін атап өтті. Сонымен қатар әкімнің айтуынша, Геннадий Зенченко бұл мәселені түрлі деңгейлерде бірнеше рет көтерген.
Облыс әкімі мәселенің практикалық жағына да тоқталды. Солтүстік Қазақстанның ауыл шаруашылығы кәсіпорындарының басшылары қазірдің өзінде Қазақстаннан тыс жерлерден жұмысшылар іздеуге мәжбүр. Атап айтқанда, шаруашылық өкілдері Өзбекстанға барып, соның ішінде астана мен ірі қалалардан шалғай аудандарды аралап, жұмысқа адамдар шақырған.
«Көптеген басшылардың Өзбекстанға барып, фермаларды, елді мекендерді аралағанын білемін. Олар тек Ташкентпен шектелмей, елдің шалғай аудандарына дейін барып, адамдарды үгіттеп, осында жұмысқа алып келді», – деді өңір басшысы.
Әкімнің айтуынша, шетелдік жұмысшыларды тарту үшін кәсіпкерлер квоталарды пайдаланған. Әңгіме жүзден астам адам туралы болып отыр. Алайда бұл жол мәселенің жалғыз шешімі болмауы тиіс. Егер өңірдің ауыл шаруашылығы дамып келе жатса, өндірістің дамуымен қатар, өз кадрларын даярлау жүйесі де қалыптасуы заңды.
Сондықтан облыс әкімі өзінің орынбасары Марат Тасмағанбетовке аграрийлермен бірлесіп, ұсынысты егжей-тегжейлі зерделеуді тапсырды.
Сонымен қатар өңір басшысы негізгі қағидатпен келісті: жаңа білім беру жобасы қаражатты формалды түрде игеруге немесе құрылыс жүргізу үшін ғана нысан салуға емес, нақты нәтижеге бағытталуы тиіс. Кешеннің орналасатын жерін де аграрийлермен бірлесіп талқылау ұсынылды. Ықтимал нұсқалардың бірі ретінде Бескөл ауылы аталды.
