Петропавловск
+21°C
Главная страница » Агро » Петропавлда жаңа форматтағы «Дала дәмі» жәрмеңкесі өтті

Петропавлда жаңа форматтағы «Дала дәмі» жәрмеңкесі өтті

September 19, 2026 12:17

Петропавлда жаңа форматтағы «Дала дәмі» ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі жоғары деңгейде ұйымдастырылып, қала тұрғындарының үлкен қызығушылығын тудырды. Сауда орындары Коммуналдық базар мен «Алтын Арман» аумағында орналасты. Мұнда өз өнімдерін Айыртау, Тайынша, Аққайың, Қызылжар, Шал ақын және Мағжан Жұмабаев аудандарының тауар өндірушілері ұсынды, деп хабарлайды QZ NEWS тілшісі.

СҚО ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы Дәурен Тоқкужиновтың айтуынша, ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерін қолдау және халықты қолжетімді азық-түлікпен қамтамасыз етудің тиімді тетіктерінің бірі – ауыл шаруашылығы жәрмеңкелерін өткізу.

«Жәрмеңкенің негізгі қағидаты – өнімді өндірушіден тікелей тұтынушыға жеткізу. Өнімді делдалсыз сату халық үшін түпкілікті бағаны айтарлықтай төмендетуге мүмкіндік береді. Жүргізілген мониторинг нәтижесіне сәйкес, жәрмеңкеде ет өнімдерінің негізгі түрлерінің бағасы қаладағы сауда желілеріндегі бағадан орта есеппен 40 пайызға төмен», – деді Дәурен Тоқкужинов.

Таң сәріден сауда алаңдарына көпшілік жиналды. Қала тұрғындары жәрмеңкеге ерекше қызығушылық танытып, сауда орындарының алдында ұзын-сонар кезек пайда болды. Сатып алушылар әсіресе жаңа піскен көкөністер мен сүт өнімдеріне, сондай-ақ бал мен етке көп сұраныс танытты.

«Жәрмеңкеде жылқы етінің бір келісі 3 300 теңгеден сатылды. Ал сауда желілерінде оның бағасы 6 500–6 750 теңге, яғни шамамен екі есе қымбат. Жәрмеңкеде сиыр етінің орташа бағасы – бір келісі шамамен 3 100 теңге болса, сауда желілерінде 4 500–4 600 теңге шамасында. Шошқа еті – шамамен 1 900 теңге, ал сауда орындарында 2 600–2 800 теңге. Қой еті жәрмеңкеде шамамен 3 000 теңгеден сатылса, сауда желілерінде оның бағасы 5 100 теңгеге дейін жетеді», – деді спикер.

Жалпы, сауда орындарында 5 тоннадан астам сапалы ет және сүт өнімдері ұсынылды. Ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметінше, жыл басынан бері өңірде 102 ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі ұйымдастырылып, онда 175 мың тоннадан астам өнім сатылған.

Shares