Қазақстанда егін жинау науқанын іркіліссіз аяқтау тапсырылды

Ауыл шаруашылығы министрлігінде министр Айдарбек Сапаровтың төрағалығымен кеңейтілген алқа отырысы өтті. Жиында егін жинау науқанының барысы және 2027 жылғы егіс жұмыстарына дайындық мәселелері талқыланды, деп хабарлайды QZ NEWS тілшісі.
Биыл ауыл шаруашылығы дақылдары 24,2 млн гектар алқапқа егілді. Оның ішінде дәнді және дәнді-бұршақты дақылдар 15,6 млн гектарды құрайды. Қазіргі уақытта 10,9 млн гектар дәнді дақыл немесе жалпы алқаптың 70 пайызы жиналды. Орташа өнімділік гектарына 14,1 центнерді құрап, 15,5 млн тонна астық бастырылды. Майлы дақылдар 1,3 млн гектардан жиналып, 1,3 млн тонна майлы тұқым алынды.
«Барлық қажетті ресурстар жұмылдырылды: қаржыландыру қамтамасыз етілді, ауыл шаруашылығы техникасының паркі жаңартылып жатыр, дизель отыны мен тыңайтқыштарды жеткізу ұйымдастырылды, астық қоймалары дайындалды. Өңір әкімдіктері үйлестіру жұмыстарын қамтамасыз етіп, туындаған мәселелердің барлығын жедел шешуі тиіс», – деп атап өтті Айдарбек Сапаров.
Көктемгі дала және егін жинау жұмыстарын жүргізу үшін шаруалардың жалпы сомасы 664,4 млрд теңге болатын өтінімдері қаржыландырылды. Жеңілдікті лизинг бағдарламасы бойынша құны 288,1 млрд теңге болатын шамамен 8,6 мың техника бірлігін жеткізуге 7,5 мыңнан астам келісімшарт жасалды. Өңірлерге белгіленген бағамен 401 мың тонна дизель отыны бөлінді.
Сонымен қатар келесі маусымға қажетті ресурстық база қалыптастырылып жатыр. Қазірдің өзінде 1,4 млн тонна тұқым себуге дайындалды. Бұл қажеттіліктің 61 пайызына тең. Сондай-ақ 2 млн тонна минералды тыңайтқыш жөнелтілді. 2027 жылғы егіс науқанын алдын ала қаржыландыру жұмыстары да жалғасады.
Жаңа өнімді сақтау үшін де жеткілікті қуат бар. Еліміздегі астық қоймаларының жалпы сыйымдылығы 30,5 млн тоннаны құрайды. Жаңа өнім түсе бастағаннан бері лицензияланған астық қабылдау кәсіпорындары 4,3 млн тонна астық қабылдады. Қазіргі таңда олардың жүктемесі шамамен 30 пайызды құрайды.
Отырыс қорытындысы бойынша өңір басшылығына егін жинау науқанын күнделікті бақылауды күшейту, есептіліктің дұрыстығын қамтамасыз ету және аграршылардың мәселелерін жедел шешу тапсырылды.
«Егін жинау науқаны ұйымдасқан түрде, іркіліссіз әрі барынша тиімді өтуі тиіс», – деп қорытындылады министр.
