СҚО-да агрокластар оқушыларға болашақ мамандығын таңдауға көмектеседі

Солтүстік Қазақстан облысында агроөнеркәсіптік кешенге маман даярлаудың жаңа жүйесі қалыптаса бастады. Өңірдің жеті ауданында сегіз агрокласс ашылады. Мұнда оқушылар заманауи ауыл шаруашылығымен танысып, болашақ мамандығын алдын ала таңдауға мүмкіндік алады, деп хабарлайды QZ NEWS тілшісі.
Жоба аясында мектептер, М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университеті, ауыл шаруашылығы басқармасы, білім басқармасы, ғылыми ұйымдар мен ауыл шаруашылығы кәсіпорындары бірлесті. 6–11 сынып оқушыларына агрономия, мал шаруашылығы, ветеринария, өсімдіктерді қорғау және заманауи агротехнологиялар бойынша тәжірибеге бағытталған бағдарламалар әзірленді.
«Ауыл шаруашылығы саласы өзгеріп келеді: цифрлық технологиялар, автоматтандыру және жасанды интеллект жүйелері енгізілуде. Бұл үшін жаңа буын мамандары қажет. Олар базалық біліммен қатар, заманауи өндірістік процестерді де түсінуі керек. Сондықтан кәсіптік бағдар беруді неғұрлым ерте бастаған маңызды», – деді СҚУ ректоры Ербол Исақаев.
Алғашқы агрокластардың бірі Мағжан Жұмабаев ауданында ашылады. Мұнда аудан әкімдігі, университет, СҚО білім басқармасы, «СК Агро 2050» ЖШС және Солтүстік Қазақстан ауыл шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының қатысуымен меморандумға қол қойылды.
Оқу процесінің маңызды бөлігі – тәжірибелік сабақтар. Оқушылар ауыл шаруашылығы кәсіпорындарына барып, заманауи өндірістің қалай ұйымдастырылғанын көре алады. Атап айтқанда, «Мал шаруашылығы өнімдерін өндіру технологиясы» білім беру бағдарламасының студенттері «СК Агро 2050» ЖШС-нің инновациялық сүт-тауарлы фермасында болып, құрал-жабдықтармен және өндірістік процестермен танысты.
Университет болашақ аграрлар үшін мынадай жүйелі тізбек қалыптастыруды көздеп отыр: мектеп – агрокласс – кәсіпорындағы тәжірибе – университет – өндіріс.
«Мектепті аяқтаған кезде жас маман қандай кәсіпті таңдайтынын, оған қандай құзыреттер қажет екенін және алған білімін қай жерде қолдана алатынын түсінуі керек. Агрокластар осы таңдауды саналы түрде жасауға мүмкіндік береді», – деп атап өтті Ербол Исақаев.
Жобаға қатысушылар үшін университет шеберлік сабақтарын, ғылыми-практикалық дәрістерді, сондай-ақ отандық және шетелдік оқытушылардың қатысуымен қысқы және жазғы мектептер ұйымдастыруды жоспарлап отыр. Сәуір айында агрокласс оқушылары арасында алғашқы олимпиада өткізу жоспарланған. Оның жеңімпаздары университеттің білім гранттарына және басқа да қолдау шараларына үміткер бола алады. Олардың қатарында ауылдан келген жастарға жатақханада тұруға жеңілдіктер де қарастырылған.
Агрокластар Тайынша, Есіл, Қызылжар, Аққайың, Мамлют және Ғабит Мүсірепов аудандарында, сондай-ақ Мағжан Жұмабаев ауданында ашылады.
