СҚО-дағы «Даниал» шаруа қожалығы суару жүйесін енгізу арқылы өнімділікті арттырды

«Даниал» шаруа қожалығы «Солтүстік» ӘКК» АҚ-ның қолдауымен ауыл шаруашылығы жерлерін суару жобасын жүзеге асырады. Сергеев су қоймасының маңындағы 277 гектар алқаптан алғашқы жылдың өзінде әр гектардан 51 центнерден астам бидай жиналды. Отбасылық агробизнес үшін бұл өнімділікті арттыруға және жерді тиімді пайдалануға жасалған маңызды қадам, деп хабарлайды QZ NEWS тілшісі.
Шаруашылықтың тарихы шамамен 30 жылды қамтиды. Жерінің басым бөлігі Шал ақын ауданында орналасқан. Шаруа қожалығының басшысы Даниал Құдайбергеннің айтуынша, суармалы егіншілікке көшу идеясын отбасылық істің негізін қалаған атасы ұсынған. Өткен жылы бұл жоспар жүзеге асты.
«Біздің отбасымыз үшін ауыл шаруашылығы — жай ғана бизнес емес. Бұл бірнеше онжылдық бойы дамып, ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келе жатқан іс. Бүгінгі міндетіміз — жинақталған тәжірибені сақтап, шаруашылықты жаңа, заманауи деңгейге көтеру», — деді Даниал Құдайберген.
Шаруашылық Шал ақын ауданында шамамен 6 мың гектар жерді өңдейді. Бұрын егістіктің басым бөлігін бидай, арпа және сұлы құраса, қазір шаруашылық өсірілетін дақылдар түрін біртіндеп көбейтіп келеді.
«Даниал» қожалығының алқаптарында жасымық, зығыр, рапс және асбұршақ та өсіріледі. Орташа өнімділік әр гектардан 20 центнерден асады. Дақылдарды әртараптандыру шаруашылықтың бір ғана өнімге және оның бағасының құбылуына тәуелді болмауына мүмкіндік береді. Сонымен қатар, егіс түрлерінің алуан болуы ауыспалы егіс талаптарын сақтауға және ауыл шаруашылығы алқаптарын ұтымды пайдалануға көмектеседі.
Басты бағыттардың бірі — суармалы егіншілік. Сергеев су қоймасының маңындағы 277 гектар жерге «Ликамера» сұрыпты бидай егілді. Алғашқы жылдың өзінде әр гектардан 51,4 центнер өнім жиналды.
Алдағы уақытта шаруашылық суармалы алқаптардан әр гектарға кемінде 70 центнер өнім алуды жоспарлап отыр. Даниал Құдайберген бұл мақсатқа жету үшін өндірістің барлық кезеңінде агротехнология талаптарын сақтау маңызды екенін айтады.
«Ол үшін бүкіл жүйені дұрыс ұйымдастыру қажет. Атап айтқанда, топырақты дайындау, егіс мерзімін белгілеу, тұқым сапасын қамтамасыз ету, өсімдіктерді қоректендіру, арамшөптер мен аурулардан қорғау, ең бастысы — суаруды дұрыс басқару маңызды. Ауыл шаруашылығының болашағы технологиялық шешімдерге байланысты. Жер сол қалпында қалады, алайда онымен қаншалықты сауатты жұмыс істейтінімізге қарай нәтиже мүлдем өзгеше болуы мүмкін», — деп есептейді шаруашылық басшысы.
Жобаға қаржылық қолдауды «Солтүстік» ӘКК» АҚ көрсетті. Компанияның кредиттеу және жобаларды басқару департаментінің директоры Талғат Жұмабековтің айтуынша, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге тиімді шарттармен несие беріледі. Бұл заманауи технологияларды енгізуге және өндірісті дамытуға мүмкіндік береді.
«Шаруашылыққа 8 жыл мерзімге жылдық 4 пайызбен 490 миллион теңге несие берілді. Суару жүйесі ауа райына тәуелділікті азайтып, өсімдіктерді вегетацияның шешуші кезеңдерінде қажетті ылғалмен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Бұл өнімділікті арттыруға, өнім сапасының тұрақтылығын сақтауға және ауыл шаруашылығы жерлерін тиімді пайдалануға жағдай жасайды», — деді Талғат Жұмабеков.
«Даниал» шаруа қожалығындағы жоба — Солтүстік Қазақстан облысының ауыл шаруашылығында су үнемдеу технологияларын енгізудің бір мысалы. 2022 жылдан бері «Солтүстік» ӘКК» АҚ осындай жеті жобаны қаржыландырды. Оларға бөлінген қаражаттың жалпы көлемі 4,2 миллиард теңгеден асады.
