Петропавловск
+21°C
Главная страница » CҚО » Шал ақын ауданында өткен форумда мемлекеттік қолдау тетіктері мен ауылдағы әйелдер кәсіпкерлігін дамыту мәселелері талқыланды

Шал ақын ауданында өткен форумда мемлекеттік қолдау тетіктері мен ауылдағы әйелдер кәсіпкерлігін дамыту мәселелері талқыланды

November 23, 2026 10:59

Шал ақын ауданында өз кәсібін дөңгелетіп, ауылдың өркендеуіне үлес қосып жүрген кәсіпкер әйелдер, көпбалалы аналар мен белсенді қыз-келіншектердің басын қосқан «Іскер әйел – табысты болашақ» форумы өтті. Жиынға қатысушылар мемлекеттік қолдау шараларын талқылап, өзара тәжірибе алмасты және кәсіп пен отбасы міндеттерін қалай қатар алып жүргендерін әңгімеледі, деп хабарлайды QZ NEWS тілшісі.

Іс-шараны облыстық Іскер әйелдер кеңесінің қатысуымен және жергілікті Жастар ресурстық орталығының қолдауымен Шал ақын аудандық Іскер әйелдер кеңесі ұйымдастырды. Форумға аудандық кеңес төрағасы Шолпан Оспанова модераторлық етті.

Өңір экономикасындағы әйелдер бизнесінің үлесі туралы СҚО Іскер әйелдер кеңесінің төрағасы Гүлнара Қожахметова баяндады. Оның айтуынша, бүгінде нәзік жандылардың кәсіпкерлік белсенділігі сауда мен қызмет көрсету саласымен шектелмейді. Олар ауыл шаруашылығы, қайта өңдеу, өндіріс, әлеуметтік сала және креативті индустрия бағыттарында да табысты еңбек етуде.

«Облыстағы жұмыспен қамтылған халықтың тең жартысына жуығын, яғни 47–48%-ын немесе шамамен 135–145 мың адамды әйелдер құрайды. Өңірдегі 15,5 мыңнан астам шағын және орта бизнес субъектісіне қыз-келіншектер басшылық етеді. Бұл жұмыс істеп тұрған ШОБ кәсіпорындарының 43%-ына тең. Әйелдер кәсіпкерлігі облыс тұрғындарына 22–26 мыңға жуық жұмыс орнын ашып отыр», – деген дерек келтірді Гүлнара Қожахметова.

Сонымен қатар облыстық кеңес басшысы әйелдерге кәсіп ашуға жәрдемдесіп қана қоймай, оны одан әрі өркендетуге қолайлы орта қалыптастыру маңызды екенін жеткізді. Ұйым жұмысының негізгі бағыттары – ісін жаңа бастаған кәсіпкерлерді сүйемелдеу, тәлімгерлік пен әйелдер көшбасшылығын дамыту, сондай-ақ аграрлық сала мен өндірістегі жобаларға қолдау көрсету.

Жиында кәсіп бастауды енді қолға алған немесе бар бизнесін кеңейткісі келетін әйелдерге арналған нақты қолдау құралдары кеңінен түсіндірілді. Қатысушыларға «Даму» қоры мен «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында берілетін жеңілдетілген несиелер мен гранттар туралы ақпарат ұсынылды. Бұдан бөлек, СҚО Кәсіпкерлер палатасы көрсететін тегін сервистік қызмет түрлері де таныстырылды.
Аудан кәсіпкерлеріне «ASMAR» Ұлттық кәсіпкер әйелдер қауымдастығының мүмкіндіктері, соның ішінде халықаралық нарыққа шығу жолдары баяндалды. Мұндай басқосулар құнды ақпарат алып қана қоймай, іскерлік серіктестер табуға, байланыс орнатуға және әріптестер тәжірибесін меңгеруге мүмкіндік береді.

Форум қатысушыларының өмірлік оқиғалары жиынның ең әсерлі тұсы болды. Жас кәсіпкерлер мен көпбалалы аналар отбасы мен бала тәрбиесін назардан тыс қалдырмай, өз ісін қалай алға сүйреп жүргендерін ортаға салды. Олардың көпшілігі үшін пікірлес жандардың демеуі қаржылай қолдаудан кем түспейді.

«Форумда пайдалы мағлұмат алып қана қоймай, көптеген іскерлік таныстық орнаттық. Бүгінде әйелдердің мойнында расымен де үлкен жауапкершілік бар. Осындай кездесулер жалғыз емес екеніңді сезіндіріп, күш-қуат пен алға ұмтылуға серпін береді», – деп әсерімен бөлісті форум қатысушысы Сабина Абдуллаева.

Ол аудан кәсіпкерлеріне көңіл бөліп, тәжірибелі әріптестермен пікір алмасуға жағдай жасағаны үшін облыстық Іскер әйелдер кеңесіне ризашылығын білдірді.
Форум соңында Шал ақын ауданы бизнес-қауымдастығының белсенді өкілдері марапатталды. Ресми бөлімнен кейін қатысушылар жұмыс істеп тұрған кәсіпкерлік нысандарын аралап, жергілікті бизнестің тыныс-тіршілігімен тікелей танысты.

Shares