Петропавловск
+21°C
Главная страница » CҚО » Петропавлда балалар құқығын қорғау және мектептегі өзін-өзі басқару ісін дамыту мәселелері талқыланды

Петропавлда балалар құқығын қорғау және мектептегі өзін-өзі басқару ісін дамыту мәселелері талқыланды

November 23, 2026 12:42

Петропавлда Дүниежүзілік балалар күніне орай Солтүстік Қазақстан облысындағы балалардың өзін-өзі басқару ұйымдарының көшбасшыларымен кездесу өтті, деп хабарлайды QZ NEWS тілшісі. Мектеп белсенділері өз құқықтары, қауіпсіздік мәселелері мен оқушылардың бастамаларын қолдау жайын талқылап, балалар құқығын қорғау жөніндегі салалық мамандарға өздерін толғандырған сұрақтарын тікелей қоюға мүмкіндік алды.

Бүгінде СҚО-да 119 мыңнан астам бала тұрады. Олардың әрқайсысының отбасындағы қамқорлық пен мектептегі күнделікті тіршілігінен бөлек, кейде ересектер байқай бермейтін немесе дер кезінде құлақ аса алмайтын өз сауалдары бар. Сондықтан ұйымдастырушылар кездесуді ашық диалог форматында өткізіп, сөз тізгінін оқушылардың өздеріне ұсынды.
Жиынға балалар бірлестіктерінің өкілдері, адам және бала құқықтары жөніндегі уәкілдер, білім басқармасының және СҚО әкімдігі жанынан жаңадан құрылған өңірлік балалардың құқықтарын қорғау басқармасының қызметкерлері қатысты.

СҚО білім басқармасының тәрбие жұмысы және қамқоршылық бөлімінің басшысы Занзагүл Тұрлыбаеваның айтуынша, бұл кездесу мектеп көшбасшыларына құқықтары бұзылған жағдайда кімге жүгінуге болатынын таныстыруға жол ашты.

«Біз балалардың өз құқықтарын біліп қана қоймай, оны қалай қорғауға болатынын да түсінгенін қалаймыз. Олардың өз түйткілдері, мүмкіндіктері мен бастамалары туралы ашық айта алуы маңызды. Бүгін оқушылар балалық шақты қорғау мәселелерімен тікелей айналысатын мемлекеттік орган өкілдеріне еш кедергісіз жүгінуге мүмкіндік алды», — деді ол.

Өңірдегі әрбір білім беру ұйымында балалардың өзін-өзі басқару жүйесі жұмыс істейді. Жалпы облыста 400-ден астам мектеп бар, олардың әрқайсысында өз президенттері мен белсенділері сайланған. Олар мектеп өмірін ұйымдастырып қана қоймай, оқушылар, педагогтер және әкімшілік арасындағы алтын көпір іспетті дәнекерлік рөл атқарады. Кездесуге қатысушылардың бірі — М. Жұмабаев атындағы IT-мектеп-лицейінің оқушысы әрі мектеп парламентінің президенті Даяна Калина. Ол оқушылар парламенті мектептегі күнделікті өмірді қалай қызықты әрі мазмұнды етуге тырысатынын әңгімелеп берді.

Білім ордасында үзіліс кезінде түрлі ойындар ұйымдастырылып, Мұғалімдер күніне орай концерттер қойылады, сондай-ақ «Дублер күнін» өткізуге белсене атсалысады. Еріктілер жұмысы да назардан тыс қалмайды: мәселен, Қарттар күніне орай оқушылар қарттар үйіне барып, қарияларға арнап мерекелік бағдарлама ұсынған.

Тағы бір ерекше бағыт — «төрт мектеп үйі» жүйесі. Олардың әрқайсысы өзіне жүктелген міндеттерді орындайды, ал парламент командалар арасындағы салауатты бәсекелестікті қолдай отырып, ортақ жұмысты үйлестіреді.

«Біз оқушылардың мектепке қызығушылықпен келуіне барымызды саламыз. Әр баланың өз қабілетін танытып, жаңа идея ұсынғанын және мектеп өмірі өзіне де тікелей байланысты екенін сезінгенін қалаймыз», — деп бөлісті Даяна.

Парламенттің алдағы жоспарында 9–11 сынып оқушылары арасында мектепаралық хакатон мен пікірсайыс турнирлерін ұйымдастыру бар. Бұдан бөлек, өзге мектептермен ынтымақтастық орнату да көзделген. Даянаның пікірінше, мұндай кездесулер бір оқу орнының шеңберінде қалып қоймай, өзара тәжірибе алмасуға және тың жобаларға идея табуға септігін тигізеді.

Ашық диалог барысында кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігіне айрықша назар аударылды. Соңғы жылдары Қазақстанда балалар құқығын қорғауға бағытталған 11 заң қабылданды. Атап айтқанда, қорлауға (буллингке), ар-намысты таптауға және қатыгездікке қарсы шаралар күшейтіліп, психологиялық көмек алу мүмкіндіктері кеңейтілді. СҚО-дағы жаңа балалардың құқықтарын қорғау басқармасы биылғы тамыз айынан бері жұмыс істеп келеді. Ведомство өкілінің түсіндіруінше, бұл мекеме бақылаушы құрылым емес. Оның басты міндеті — мемлекеттік және қоғамдық ұйымдардың жұмысын үйлестіру, балалар мен отбасыларға қолдау көрсету және күрделі жағдайлардан шығудың жолын табу.

Жұмыс істеген алғашқы төрт айдың ішінде басқармаға 80-нен астам өтініш келіп түскен. Олар тек буллингке ғана емес, оқушылар мен мұғалімдер, балалар мен ата-аналар арасындағы кикілжіңдерге, сондай-ақ ата-аналар мен мектеп әкімшілігі арасындағы келіспеушіліктерге де қатысты болған.

«Біз әрбір өтінішті жеке-дара, егжей-тегжейлі қарастырамыз. Нақты бір отбасында немесе мектепте не болғанын, балаға қандай көмек қажет екенін түсіну маңызды. Біз кәмелетке толмағандар істері жөніндегі комиссиямен, отбасын қолдау орталықтарымен, психологиялық қызметтермен және басқа да ұйымдармен тығыз байланыста жұмыс істейміз. Біздің мақсатымыз — тексеру немесе бақылау емес, балаға қажетті қолдау көрсету үшін барлық күш-жігерді біріктіру», — деп атап өтті басқарма өкілі.

Ведомство құрылымында қорғаншылық және қамқоршылық бөлімі де жұмыс істейді. Бүгінде өңірде мыңнан астам жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған бала есепте тұр. Олардың 661-ден астамы отбасыларда тәрбиеленуде.

Көмек алу үшін балалардың құқықтарын қорғау басқармасына жеке өзі барып жүгінуге немесе ресми интернет-ресурстарда көрсетілген байланыс нөмірлері арқылы хабарласуға болады. Сонымен қатар, мамандар араласуды қажет ететін мәселелер бойынша хабарламалар қабылдайтын республикалық «111» байланыс орталығымен бірлесе жұмыс істейді.

Shares