Петропавлдағы Уәлиханов көшесінде болған жол апатынан әйел қаза тауып, тағы үш адам зардап шекті

Петропавлда екі автокөліктің соқтығысуы салдарынан әйел адам көз жұмды. Жол апаты Уәлиханов пен Гашек көшелерінің қиылысында болған. Тағы үш адам, оның ішінде жаяу жүргінші жарақат алды, деп хабарлайды QZ NEWS тілшісі.
СҚО Полиция департаментінің мәліметінше, жол-көлік оқиғасы 21 қараша күні сағат 10:54 шамасында болған. Қиылыста ВАЗ-2111 және Audi A6 автокөліктері соқтығысқан. Соққыдан кейін төрт адам медициналық көмекке мұқтаж болды. Ауруханаға Audi көлігінің 29 жастағы жолаушысы, ВАЗ-2111 көлігінің 50 жастағы жолаушысы мен 54 жастағы жүргізушісі, сондай-ақ 36 жастағы жаяу жүргінші жеткізілді. Алайда дәрігерлердің барлық күш-жігеріне қарамастан, 50 жастағы әйелді аман алып қалу мүмкін болмады. Ол медициналық мекемеде көз жұмды.
«Қазіргі уақытта полиция қызметкерлері жол-көлік оқиғасының мән-жайын анықтап жатыр. Аталған дерек бойынша тергеу жүргізілуде», – деп хабарлады СҚО Полиция департаментінен.
Ведомство өкілдері жүргізушілер мен жаяу жүргіншілерді жол қозғалысы ережелерін сақтауға, қиылыстардан өту кезінде мұқият болуға және жолдағы жағдайды ескеруге шақырады.
