Петропавловск
+21°C
Главная страница » CҚО » Есептен жаңылған шенеуніктер: солтүстікқазақстандық фермердің 14 гектар егістік жері қалай «ұшты-күйлі жоғалды»

Есептен жаңылған шенеуніктер: солтүстікқазақстандық фермердің 14 гектар егістік жері қалай «ұшты-күйлі жоғалды»

November 23, 2026 11:40

Солтүстік Қазақстан облысында құжат жүзінде мінсіз рәсімделгенімен, іс жүзінде орман алқабы мен өзге шаруашылықтың аумағына кіріп кеткен егістік жерге қатысты дау ушығып тұр. Аққайың ауданы Трудовое ауылындағы «Галеев Қоныс Кенжетайұлы» фермерлік қожалығы ведомстволық салғырттықтың кесірінен тиесілі телімінің жартысына жуығынан қағылған. Ал жергілікті билік оның орнына диқандарға құнарсыз сортаң жерге көшуді ұсынып отыр, деп хабарлайды QZ NEWS тілшісі.

2012 жылы су басқан алқаптың өтемі ретінде аудан әкімдігі қожалыққа Григорьев ауылдық округінен 34 гектар жер бөлген: оның 32 гектары — егістік, 2 гектары — жайылым. Алайда алқап басына барғанда, бөлінген аумақтың ішінде мемлекеттік орман қорының ағаштары өсіп тұрғаны және заңмен қорғалатын ежелгі обаның бары белгілі болды. Бұған қоса, мемлекеттік актіде өрескел геометриялық қателіктер мен кадастрлық есепке алынбаған «елес» телімдер анықталған.

«Салдарынан 34 гектар жеріміздің 14 гектарын орман басып жатыр, тағы 2 гектары — орман жиегіндегі қорғау аймағы, ол жайылым ретінде тіркелген. Сонда уәде етілген 32 гектар егістіктің орнына қолымызда небәрі 18 гектар ғана қалып отыр. Біз мемлекеттік органға басқа жер телімін бөлу туралы ұсыныспен жүгіндік. Бірақ түйткіл мынада: олар оның орнына топырақ құнарлылығы төмен, шын мәнінде өнім бермейтін сортаң жерді ұсынып отыр», — деп қынжылады фермерлік қожалық өкілі Владимир Комаров.

Ұзақ уақыт бойы диқан іргелес жатқан бос алқапты игеріп келген еді, алайда жақында ол жерге ірі серіктестік (ЖШС) кіріп, фермерді қайтадан орман жаққа ығыстырып шығарды. Аудандық жер қатынастары бөлімі шекараны дер кезінде межелеп, қазық қақпаған қожалықтың өзі кінәлі деп мәлімдеп, дауды сот арқылы шешуге сілтеді. Дегенмен фермер бұл талапты орындауға тырысқан. Бұған дейін сот «Мемлекеттік корпорация» мамандарының жерге орналастыру жұмыстарын сапасыз деп танып, өлшеу қызметіне төленген қаражатты кері қайтаруға міндеттеген болатын.

СҚО Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау жөніндегі кеңесінің отырысында сарапшылар заңдағы «сенім құқығы» қағидатын алға тартып, жобаны орман шаруашылығының 109-кварталымен қабаттастырып бекітіп жіберген шенеуніктердің қателігі үшін қарапайым азамат зардап шекпеуі тиіс.

«Егер азаматқа 34 гектар жер берілсе, ал сол аумақтың ішінде 14 гектар орман алқабы болса, онда шекарамен белгіленген телімнің жалпы аумағы 48 гектарды құрауы тиіс. 34-ке 14-ті қосу — бастауыш сыныптың математикасы ғой! Межелік қазықты жер пайдаланушы емес, жерге орналастырушы маман қағады. Ал кейіннен келген екінші жер пайдаланушының шекарасы алғашқы жалға алушының мүддесін ескере отырып белгіленуі міндетті еді», — деп түйіндеді Кеңес төрайымы Инесса Қуанова.

Кеңес мүшелері қожалыққа жер телімінің шекарасын қалпына келтіру үшін жерге орналастырушыларға қайта жүгінуге кеңес берді. Егер уәкілетті органдар өтінішті қанағаттандырмаса, фермер Кәсіпкерлер палатасының сүйемелдеуімен өзіне тиесілі 32 гектар жерін сот арқылы дауламақ.

Shares