Петропавловск
+21°C
Главная страница » CҚО » Тимирязев ауданында өткен Idea Battle байқауында қандай жобалар жеңіске жетті

Тимирязев ауданында өткен Idea Battle байқауында қандай жобалар жеңіске жетті

November 23, 2026 14:00

Тимирязев ауданында инновациялық жобалардың «Idea Battle» байқауы өтті, деп хабарлайды QZ NEWS тілшісі. Қатысушылар заманауи технологияларды қолдана отырып, өзекті әлеуметтік, білім беру және цифрлық міндеттерді шешуге бағытталған төл туындыларын таныстырды. Жобаларды қорғау қорытындысы бойынша қазылар алқасы үздік үштікті анықтады.

Бірінші орынды дөңгелек жөндеу шебері Данил Кормильцев иеленді. Ол шиномонтаж шеберханаларының жұмысын кешенді автоматтандыруға арналған «TAVZ TIRE» цифрлық платформасын ұсынған. Бұл жүйе тапсырыстарды басқару, қызметкерлерді есепке алу және жалақы есептеу, қойманы, қаржы мен талдауды бақылау қызметтерін біріктіреді.

Екінші орын Тимирязев мектеп-интернатының өкілі Нұркен Мұқашқа бұйырды. Оның «Ақылды өлке» жобасы Тимирязев ауданының тарихи-мәдени мұрасын — киелі әрі естелік орындарды, танымал жерлестердің өмірбаяндары мен ел жадында сақталған деректерді цифрлық форматта сақтауға және кеңінен насихаттауға бағытталған.

Жүлделі үшінші орынды Ақжан негізгі мектебінің өкілі Татьяна Грабовская жеңіп алды. Ол диқандардың шығындарын оңтайландыру мақсатында ауыл шаруашылығы алқаптарына тыңайтқыш енгізу нормаларын дәл есептейтін мобильді қосымша тұжырымдамасын әзірлеген.

Shares