СҚО-лық жеңіл атлет София Колосова Малайзиядағы чемпионатта екі күміс медаль жеңіп алды

Солтүстік Қазақстан облысының спортшысы София Колосова Малайзияда өткен халықаралық жарыста сәтті өнер көрсетіп, 100 метрге кедергілер арқылы жүгіру және 200 метр қашықтыққа жүгіру сайыстарында жүлделі орындарға ие болды, деп хабарлайды QZ NEWS тілшісі.
София Колосова үшін жеңіл атлетика әлдеқашан жай ғана әуестік емес, өмірінің маңызды бөлігіне айналған. Оның спорттағы еңбек жолында он жылдан астам тынымсыз жаттығу, тартысты жарыстар мен жоғары деңгейдегі бәсекелер бар. Ол есту қабілеті бұзылған спортшылар арасындағы Қазақстан ұлттық құрамасының мүшесі. Халықаралық аренада өңір намысын абыроймен қорғап, жүлделер қорын толықтырып келеді.
Жеңіл атлеттің кезекті жетістігі – Малайзияның Пенанг қаласында өтіп жатқан Азия және Тынық мұхиты аймағы чемпионатында екі күміс медаль иеленуі. София екі дисциплина бойынша бақ сынап, екеуінде де жүлдегерлер қатарынан көрінді. Алдымен 100 метрге кедергілер арқылы жүгіруде екінші орын алса, кейін 200 метр қашықтықта тағы бір күміс медаль жеңіп алды.
София есту қабілеті бұзылған спортшылар арасында жеңіл атлетикамен айналысып, шеберлігін шыңдап жүрген «Үміт» мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған спорт клубында жаттығады.
Спортшы 2005 жылы дүниеге келген. Бүгінде ол спортта айтарлықтай жетістіктерге жетіп, Қазақстан Республикасының спорт шеберлігіне үміткер атанған. Сондай-ақ жеңіл атлетиканың түрлі дисциплиналары бойынша ел чемпионы атағын бірнеше рет иеленген. Софияның жаттықтырушысы – Рүстам Шөкеев.
