Петропавлдағы 29 мектепте балалардың бойына “Адал азамат” құндылықтары сіңірілуде

Адалдық, айналадағы адамдарға құрметпен қарау, өз ісіне жауапкершілікпен қарау және туған елін сүю — адам бойында бала кезден қалыптастыру қажет қасиеттер. Қазіргі тәрбие жүйесіндегі негізгі бағдарлардың біріне айналған «Адал азамат» тұжырымдамасы да осы қағидаттарға негізделген, деп хабарлайды QZ NEWS тілшісі.
«Адал азамат» тұжырымдамасы Мемлекет басшысының бастамасымен әзірленген. Оның басты мақсаты — өскелең ұрпақтың бойында берік адамгершілік ұстанымдарды қалыптастыру. Мұнда тек теорияға немесе жекелеген тәрбиелік іс-шараларға басымдық берілмейді. Ең бастысы — балалардың осы құндылықтарды күнделікті өмірде қолдана білуі. Яғни оқуға және еңбекке адал қарау, өзгелерді құрметтеу, табиғатты қорғау және айналасындағы адамдарға қамқорлық таныту.
«Адал азамат» тұжырымдамасы «Таза Қазақстан», «Заң мен тәртіп» және «Еңбек адамы» идеяларымен тығыз байланысты. Петропавлдағы №29 мектепте осы бағыттарды біртұтас жүйеге біріктіруге баса мән беріледі. Мұндағы тәрбие жұмыстары жекелеген сынып сағаттарымен ғана шектелмейді.
Мәселен, тарих пәні балалармен отансүйгіштік, жауапкершілік және тәуелсіздіктің маңызы туралы нақты оқиғалар мен тарихи тұлғалардың тағдыры арқылы әңгімелесуге мүмкіндік береді.
«Сабақ барысында «Заң мен тәртіп», жауапкершілік, отансүйгіштік сияқты құндылықтарға тоқталамыз. Тарихи оқиғалар арқылы оқушыларға қазақ халқының тәуелсіздік жолындағы күресін түсіндіріп, еліміздің тарихындағы көрнекті тұлғалармен таныстырамыз. Балалардың еліміздің қандай жолдан өткенін білгені маңызды», — дейді №29 мектептің тарих пәні мұғалімі Тимур Барменбаев.
Оның айтуынша, заманауи технологиялар оқушылардың тарихқа деген қызығушылығын арттыруға қосымша мүмкіндік береді. Атап айтқанда, жасанды интеллект тарихи тұлғалар мен оқиғаларға жаңаша көзқараспен қарауға көмектесетін интерактивті материалдар әзірлеуге жол ашады.
«Қазір белгілі тарихи тұлғалардың портреттерін сөйлетуге болады. Егер мұндай жұмыста тарихи дереккөздерге сүйеніп, сол кезеңде бұл адамдар қандай мәселелерге тап болғанын көрсетсек, бала оқиғаға эмоциялық тұрғыдан тартылады. Ол ақпаратты жай ғана қабылдамай, өзін сол оқиғаға қатысы бардай сезіне бастайды», — дейді педагог.
Мектептегі тәрбие жұмысының маңызды бағыттарының бірі — ұлттық құндылықтарды дәріптеу. Оқушылар мәдени мұрамен танысып, ұлттық спорт түрлеріне қызығады. Сондай-ақ көптеген бала ұлттық музыкалық аспаптарда ойнауды үйреніп жүр.
Балалар өз қабілеттерін сабақ үстінде ғана емес, үзіліс кезінде де көрсете алады. Мектеп дәліздерінде музыка шырқалып, оқушылар ән айтып, ұлттық аспаптарда ойнап, өнерлерін ортаға салады.
«Бірыңғай «Адал азамат» тәрбие бағдарламасы аясында негізгі құндылықтарды оқу-тәрбие үдерісіне жүйелі түрде енгізуге тырысамыз. Олар тек сабақта немесе сынып сағаттарында ғана көрініс таппауы керек. Тіпті үзіліс кезінде де оқушылар шығармашылық арқылы өздерін көрсете алады», — дейді №29 мектеп директорының орынбасары Рахия Қожанова.
Тағы бір маңызды бағыт — оқушылардың кітап оқуға деген қызығушылығын арттыру. Мектепте буккроссинг бұрышы жұмыс істейді. Мұнда балалар өздеріне ұнаған кітапты таңдап, бос уақытында оқи алады. Қазір мектеп ұжымы оқушылардың әдебиетке деген тұрақты қызығушылығын қалыптастыруға бағытталған «12 айда 12 кітап» жобасына қатысып жатыр.
Экологиялық мәдениетті қалыптастыруға да ерекше көңіл бөлінеді. Оқушылар экологиялық челлендждер мен флешмобтарға қатысып, сенбіліктерге шығады, ағаш отырғызады және өздерінің экологиялық жобаларын әзірлейді. Осылайша табиғатқа жанашырлықпен қарау ұғымы нақты іс-әрекет арқылы жүзеге асады.
«Береке» шағынауданында орналасқан №29 мектеп өткен жылы «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында ашылды. Бүгінде мұнда 830-дан астам бала білім алады. Педагогикалық ұжымда 90 қызметкер бар.
