Петропавловск
+21°C
Главная страница » Таза Қазақстан » Петропавлда қараусыз қалған гаражды тазалауға полиция иесі әйелге үш күн уақыт берді

Петропавлда қараусыз қалған гаражды тазалауға полиция иесі әйелге үш күн уақыт берді

October 12, 2026 16:31

Петропавлдағы Бостандық көшесінде орналасқан қараусыз қалған гараждың иесі анықталды. Мемлекет меншігіндегі жерге орналасқан нысанның маңы бірнеше жылдан бері қоқысқа толып келген. Әйелге гаражды үш күн ішінде тазалап, алып тастау туралы талап қойылды, деп хабарлайды QZ NEWS тілшісі.

Бұл мәселеге қоғамдық белсенді Мәлік Шигабутдинов осыдан үш жыл бұрын назар аударған. Оның айтуынша, гараж осы уақытқа дейін пайдаланылмаған, ал оның айналасы біртіндеп қоқыс жиналатын орынға айналған.

«Бұл гаражға қатысты мәселе үш жылдан бері шешілмей келеді. Ол мемлекеттің меншігіндегі жерге орналасқан, маңында үнемі қоқыс үйіліп жатады. Гараждың өзін ешкім пайдаланбайды», — деді Мәлік Шигабутдинов.

Петропавл қаласы әкімдігінің өтінішінен кейін полиция қызметкерлері нысанның иесін анықтауға кірісті. Белгілі болғандай, гараждың иесі әйел ұзақ уақыт бойы шетелде тұрған. Онымен кездесуге мүмкіндік туған соң, оған гаражды алып тастау қажеттігі туралы хабарлама табысталды.

Петропавл қалалық полиция басқармасы қоғамдық қауіпсіздік бөлімінің бастығының орынбасары Қанат Жұмабаевтың айтуынша, нысан иесіне талапты орындау үшін үш күн берілген. Егер белгіленген мерзімде талап орындалмаса, мәселені жер комитеті қарап, айыппұл салу шараларын қолдануы мүмкін.

Заңсыз орнатылған гараждарды анықтау жұмыстары «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында жүргізіліп жатыр. Полиция қызметкерлері осындай нысандардың иелеріне олардың заңды түрде орналастырылғанын тексеру қажеттігін де ескертеді.

Shares