Петропавлда тарихи диірмен негізінде қонақүй-мейрамхана кешені салынып жатыр

Петропавлда «Pana Unique Qyzyljar» қонақүй-мейрамхана кешенін құруға бағытталған инвестициялық жоба жүзеге асырылып жатыр. Бұл туралы СҚО кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасында өткен кеңесте айтылды, деп хабарлайды QZ NEWS тілшісі.
Жобаны «Pana Qyzyljar» ЖШС жүзеге асыруда. Қонақүй мен мейрамхананы тарих және мәдениет ескерткіші – «Көпес Поляковтың диірмені» нысанының негізінде орналастыру жоспарланған. Инвестиция көлемі шамамен 10 млрд теңгені құрайды. Жоба аяқталғаннан кейін 110 жұмыс орнын ашу көзделіп отыр.
Кеңесте атап өтілгендей, жобаны 2027 жылы аяқтау жоспарланған.
Кездесуге қатысушылар құрылыс жұмыстарының қазіргі кезеңдерін және инвестордың тиісті мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл мәселелерін қарастырды. Талқылауға облыстық және қалалық әкімдіктердің, құрылыс және сәулет саласының, мәдениет басқармасының, тарихи-мәдени мұраны қорғау және пайдалану орталығының өкілдері, сондай-ақ компания мен техникалық қадағалау мамандары қатысты.
Жобаға тартылған барлық тараптардың жұмысын үйлестіруге ерекше назар аударылды. Бұл құрылыс жұмыстары мен жоба аясында қарастырылған міндеттердің уақытылы әрі сапалы орындалуын қамтамасыз ету үшін қажет.
«Тарих және мәдениет ескерткіші негізінде жобаны жүзеге асыру қала үшін маңызды. Жоба белгіленген мерзімде және тарихи-мәдени мұра нысанына қойылатын талаптарды сақтай отырып жүзеге асырылуы үшін барлық мүдделі тараптардың үйлесімді жұмысын қамтамасыз ету қажет», – деді СҚО әкімдігінің кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Дархан Әмрин.
Жаңа нысан Петропавлдың туристік инфрақұрылымының бір бөлігіне айналып, өңірдің инвестициялық тартымдылығын арттыруға үлес қосады деп күтілуде.
