Петропавловск
+21°C
Главная страница » CҚО » Петропавлда Nazarbayev University мен Kozybayev University бірлескен жобаларды талқылады

Петропавлда Nazarbayev University мен Kozybayev University бірлескен жобаларды талқылады

September 16, 2026 15:00

Петропавлда Nazarbayev University делегациясының Kozybayev University-ге кеңейтілген жұмыс сапары өтті. Екі жоғары оқу орнының өкілдері білім беру, ғылым, кадр даярлау және технология трансфері бағыттарындағы ынтымақтастық мәселелерін талқылады. Бірлескен жобаларды 2026–2028 жылдары жүзеге асыру жоспарланып отыр, деп хабарлайды QZ NEWS тілшісі.

Солтүстік Қазақстан облысына Nazarbayev University президенті Вакар Ахмад, вице-президент Гүлмира Қанай және университет басшылығының өкілдері келді. Сапар барысында делегация Kozybayev University-дің ғылыми және білім беру инфрақұрылымымен танысты. Қонақтарға ГИС, биотехнология, медицина және инженерия зертханалары, Tomorrow School алаңы, сондай-ақ агрохимия және су сапасы бағытындағы ғылыми зерттеулер таныстырылды.

Кездесудің негізгі тақырыптарының бірі – өңірдің практикалық мәселелерін шешуге бағытталған бірлескен жобалар. Kozybayev University Nazarbayev University-мен ынтымақтастықтың жеті бағытын ұсынды. Олардың қатарында ақылды ауыл шаруашылығы, жаңа материалдар мен өндірістер, инклюзивті білім беру және жасанды интеллект, су ресурстары, агрогеномика, өңірлік жасанды интеллект полигоны және қашықтан зондтау бар.

Жобалардың практикалық бағыты ауыл шаруашылығын цифрландыру, өнеркәсіптік прототиптер әзірлеу, су ресурстарын тиімді пайдалану және климатқа төзімді ауыл шаруашылығы дақылдарының сорттарын жасауға негізделеді. Сонымен қатар су тасқыны, құрғақшылық және табиғи өрттерді болжау мен мониторинг жүргізуде ГИС, ұшқышсыз аппараттар және жасанды интеллект технологияларын қолдану қарастырылуда.

«Халықаралық әріптестік меморандум аясынан шығып, бірлескен білім беру және ғылыми-зерттеу жұмысына ұласқанда ғана университеттің дамуына нақты ықпал ете алады», – деді Kozybayev University ректоры Ербол Исақаев.

Солтүстік Қазақстандық жоғары оқу орнының халықаралық білім беру жобаларын жүзеге асыруда тәжірибесі бар. Аризона университетімен бірлескен алты қос дипломды білім беру бағдарламасы бойынша бүгінде 475 студент білім алуда. 2026 жылы 31 түлек екі диплом иеленсе, олардың үшеуі Nazarbayev University магистратурасында оқуын жалғастырған.

Nazarbayev University президенті Вакар Ахмад өңірлік жоғары оқу орындарымен өзара іс-қимылдың жаңа форматтарына қызығушылық бар екенін атап өтті. Оның айтуынша, ынтымақтастық ғылыми-зерттеу және білім беру салаларымен қатар, индустриямен байланысты да қамтуы мүмкін. Перспективалы бағыттардың бірі ретінде Kozybayev University, Nazarbayev University және University of Arizona арасындағы үшжақты әріптестікті атады. Сондай-ақ солтүстікқазақстандық жоғары оқу орнының басшылығын бастамаларды одан әрі талқылау үшін Астанаға шақырды.

Nazarbayev University вице-президенті Гүлмира Қанай да өңірлік университеттермен ынтымақтастықтың маңызын атап өтіп, НУ ғалымдарының Kozybayev University-дің ғылыми-зерттеу мүмкіндіктерімен танысуы маңызды екенін айтты.

Сапар қорытындысы бойынша бірлескен жобалардың нақты тізімін айқындау, жұмыс топтарын құру, сондай-ақ бастамаларды қаржыландыру көздері мен іске асыру мерзімдерін келісу жоспарланып отыр.

Shares