Қостанайдағы халықаралық турнирде СҚО боксшілері алтын мен күміс медаль жеңіп алды

Қостанайда қазақстандық белгілі боксшы Александр Мирошниченконы еске алуға арналған халықаралық турнирде Солтүстік Қазақстан облысының құрамасы екі медаль иеленді. Жарыстың жеңімпазы петропавлдық Никита Касторнов атанса, Алина Гарап күміс жүлдеге қол жеткізді, деп хабарлайды QZ NEWS тілшісі.
Никита Касторнов үшін бұл турнир физикалық дайындығын ғана емес, мінезі мен жігерін де сынаған маңызды бәсеке болды. 20 жастағы спортшы алтын медальға жету жолында үш кездесу өткізді. Әр жекпе-жек үш раундтан тұрды. Әсіресе алғашқы кездесу маңызды болды. Ол Астана қаласынан келген қарсыласымен жұдырықтасты. Бір ай бұрын сол боксшыдан жеңілген солтүстікқазақстандық спортшы бұл жолы рингке реванш алу үшін шықты.

«Чемпионатта барлығы үш жекпе-жек өткіздім. Біріншісі мен үшін ең маңыздысы болды, себебі бұл реванш еді. Бір ай бұрын астаналық спортшыдан жеңіліп қалғанмын, ал бұл жолы есемді қайтара алдым. Келесі жекпе-жек қытайлық спортшымен өтті. Финалда Ақтөбеден келген боксшымен кездестім. Үш кездесудің де толық қашықтығын өткіздім», – деді Никита Касторнов.
Жарысқа дайындық Қарағанды қаласында өткен оқу-жаттығу жиындарынан басталды.
«Бұл жарысқа тыңғылықты дайындалдық. Алдымен жалпы дене дайындығы бойынша оқу-жаттығу жиынын өткіздік. Кейін Қарағандыда жауынгерлік дайындық жиыны болды. Ол жерде Ирак құрамасы да жаттығу өткізді. Осы мүмкіндікті пайдаланып, Солтүстік Қазақстан облысының құрамасы мен Ирак құрамасы арасында матчтық кездесу ұйымдастырдық», – деді СҚО бокс бойынша аға жаттықтырушысы Денис Языков.
Касторнов бокспен төртінші жыл айналысып келеді. Бұған дейін ол грек-рим күресімен шұғылданған. Кейін жекпе-жектің басқа түрінде өзін сынап көруге шешім қабылдаған.

Алина Гарап та жарыста жақсы нәтиже көрсетті. Солтүстікқазақстандық спортшы екі жекпе-жек өткізді. Алғашқы кездесуде Ақмола облысының өкілімен жұдырықтасып, төрешілер шешімімен жеңіске жетті. Финалда оның қарсыласы Қызылордадан келген боксшы болды. Тартысты өткен жекпе-жекте Алина қарсыласына жол беріп, команданың қоржынына күміс медаль қосты.
Енді солтүстікқазақстандық боксшылар маусымның басты жарыстарына дайындықты жалғастырады. Қазан айында Тараз қаласында Қазақстан чемпионаты өтеді. Ал желтоқсан айында Петропавлда ел біріншілігінің командалық чемпионаты ұйымдастырылады.
