Солтүстікқазақстандықтар Камила Табулова мен Артем Ван-Хон-Тун мектеп оқушылары арасындағы муай-тайдан әлем чемпиондары атанды

Солтүстік Қазақстан облысының спортшылары Камила Табулова мен Артем Ван-Хон-Тун мектеп оқушылары арасындағы муай-тайдан әлем біріншілігінде жеңісті өнер көрсетті. Беделді жарыс Малайзия астанасы — Куала-Лумпур қаласында өтті. Екі спортшымыз да жоғары шеберлік танытып, алтын медаль жеңіп алды, деп хабарлайды QZ NEWS тілшісі.
Әлемдік турнир Мектеп спортының халықаралық федерациясының (ISF) қолдауымен ұйымдастырылып, оған әлемнің түкпір-түкпірінен келген 8 бен 18 жас аралығындағы 800-ден астам үздік жас спортшы қатысты. СҚО муай-тай федерациясының жетекшісі Иван Ван-Хон-Тунның айтуынша, жарыстағы бәсекелестік өте жоғары болған және әр чемпиондық атақтың артында орасан еңбек жатыр.
– Екеуі де әлем чемпионы атанды. Камиланың салмақ дәрежесінде 5 спортшы бақ сынады, ол екі өте қиын жекпе-жек өткізді. Артемнің 51 келі салмақ дәрежесінде 18 қарсыласы болды, оған бес кездесу өткізуге тура келді. Бұл жеңістің артында жылдар бойғы табанды жаттығу, мықты мінез, қатаң тәртіп және спортқа деген шексіз сүйіспеншілік жатыр. Балалар мақсат пен жеңіске деген жігер болса, мүмкін емес нәрсе жоқ екенін дәлелдеді! – деді жаттықтырушы.
Жаңа әлем чемпионы Камила Табулова алты жылдан бері муай-таймен айналысады. Ол көптен күткен алтын медальға қол жеткізгеніне ерекше қуанышты екенін жасырмады. Бұған дейін ол Қазақстанның алты дүркін чемпионы, Анталия кубогының екі дүркін иегері және әлем чемпионатының үш дүркін қола жүлдегері атанған.
– Мен өте бақыттымын! Осы жетістікке жету үшін ұзақ уақыт еңбек еттім. Турнирде екі жекпе-жек өткіздім: алғашқы қарсыласым Шри-Ланкадан болды, ал финалда Ресей спортшысымен кездестім. Нәтижесінде 16–17 жас аралығындағы қыздар арасында 54 келі салмақ дәрежесінде бірінші орын алдым, – деді Камила.
Артем Ван-Хон-Тун да жеңіске жету жолында үлкен еңбек сіңірді. Ол өмірінің сегіз жылын осы жекпе-жек өнеріне арнаған. Артем — Қазақстанның бірнеше дүркін чемпионы, Анталия кубогының жеңімпазы және әлем біріншіліктерінің екі дүркін қола жүлдегері (2022 және 2024 жылдары). Алайда дәл Малайзияда ол алғаш рет әлем чемпионатының ең биік тұғырына көтерілді.
