СҚО мақтанышы: Георгий Харачиди джиу-джитсудан әлем чемпионы атанды
November 13, 2025 11:00

Солтүстікқазақстандық спортшы және еркін күрес бапкері Георгий Харачиди джиу-джитсудан әлем чемпионы атанды. Ол «Мастерс 2» санатында үздік нәтиже көрсетті, деп хабарлайды QZ NEWS.
Біріккен Араб Әмірліктерінің Абу-Даби қаласында джиу-джитсудан әлем чемпионаты өтіп жатыр. Солтүстік Қазақстан облысынан төрт спортшы қатысуда: Георгий Харачиди, Ярослав Харюков, Ростислав Харюков және Владислав Зайберт.

12 қараша күні Георгий Харачиди 120 келі салмақ дәрежесінде, 35–40 жас аралығындағы «Мастерс 2» санатында боз кілемге шықты. Оның қарсыластары Ресей, Марокко және Әзербайжан спортшылары болды.
«Жеңемін деп ойламадым, бірақ жақсы күрес көрсетуді мақсат еттім. Әрине, чемпион болуды қатты қаладым. Екі ай бойы дайындалдым, жаттығулар күн сайын, өте ауыр өтті. Чемпион болғанымды естіген сәтте көзіме жас келді», – деді өз әсерімен бөліскен Георгий Харачиди.

Халықаралық деңгейдегі жарыс болғанына қарамастан, Георгий чемпионатқа өз қаражатымен қатысқан.
«Бұл жарысқа жаттықтырушымсыз өзім бардым. Алдымен несие алдым, кейін жігіттерден, ескі достардан көмек сұрадым. Солайша Абу-Дабиге бару мен қайтуға билетке және тұруға қаражат жиналды. Бағасы арзанырақ болсын деп, тур ретінде алдық», – дейді ол.

Георгий Харачиди – СҚО-дағы еркін күрестен бапкер. Сонымен қатар ол дзюдо және джиу-джитсу бағыттарында да табысты өнер көрсетіп жүр. Джиу-джитсуға ол төрт жыл бұрын келген.
«Еркін күрестен кейін джиу-джитсуда күресу қатты ұнады. Бұл – жаңа тәсілдер мен жаңа әлем, жаңа тартыс әлемі», – дейді спортшы.
Георгий Харачиди джиу-джитсу бойынша республикалық турнирлерде де жүлделі орындарға ие болған. Енді ол алдағы уақытта Қазақстан чемпионатына дайындықты бастамақ.
