Петропавлда полицей қызметкері зейнеткердің алаяқтарға 2,7 миллион теңге аударуына жол бермеді

Петропавлда полицей қызметкері 69 жастағы қала тұрғынының интернет-алаяқтардың құрбаны болуына жол бермеді. Әйел жинаған 2 миллион 750 мың теңгесін «қауіпсіз шотқа» аударуға дайындалып жатқан. Алайда полиция қызметкері дер кезінде араласып, оның алаяқтардың арбауына түскенін түсіндірді, деп хабарлайды QZ NEWS тілшісі.
Алаяқтар зейнеткерге алдымен домофон қызметін көрсететін компанияның атынан телефон шалған. Олар домофон ауыстырылғандықтан, кіреберіс есігінің электронды кілті жұмыс істемей қалғанын айтқан. Оны қайта іске қосу үшін әйелден SMS арқылы келген кодты атауды сұраған.
Көп ұзамай зейнеткерге тағы бір қоңырау түскен. Бұл жолы өзін банк қызметкерлері ретінде таныстырған алаяқтар SMS арқылы берілген кодтың салдарынан бөтен адамдар оның шоттарына кіріп, тіпті атына несие рәсімдегенін айтқан.
«Содан кейін банктен қоңырау шалды. “Сіз шынымен несие алып жатқаныңызды растайсыз ба?” деп сұрады. Мен ешқандай несие алмағанымды айттым», – деді зейнеткер Людмила Волкова.
Осыдан кейін әйелмен басқа бір алаяқ байланысып, жинақ ақшасын сақтап қалуға көмектесетінін айтқан. Зейнеткерге болған жағдайды ешкімге айтпауға және полицияға жүгінбеуге кеңес берген. Мұны олар полицияға хабарласса, алаяқтарды ескертіп қоюы мүмкін деген сылтаумен түсіндірген.
Алаяқтардың нұсқауы бойынша қала тұрғыны банкоматқа барып, 2 миллион 750 мың теңгені шешіп алып, оны «қорғалған шотқа» аудармақ болған. Осы уақыт бойы қаскөйлер телефон байланысын үзбей, егер өзін полиция қызметкері ретінде таныстырған адам жақындаса, оған сенбеу керектігін ескерткен.
Зейнеткер банкоматқа кезекке тұрған кезде оны полиция қызметкері байқап қалған. Әйелдің сөмкесінде дайын тұрған қомақты қаражат тәртіп сақшысының назарын аударған. Алғашында зейнеткер полицейге сенімсіздік танытқан. Алайда қызметкер оған жағдайды түсіндіріп, ақша аударуды тоқтатуға көндірді.
Осылайша қылмыстың алдын алынып, зейнеткердің жинаған қаражаты өзінде қалды.
СҚО Полиция департаментінің арнайы жедел әрекет ету жасағының қызметкері Азамат Тажбаев пен оның әріптестері сауда орталықтарындағы банкоматтардың маңында тұрақты түрде кезекшілік атқарады. Олардың міндеті – интернет-алаяқтардың ықпалында болуы мүмкін адамдарды анықтап, оларға дер кезінде көмек көрсету.
«Бірінші кезекте полиция қызметкерлері алаңдаулы азаматтарға, телефонмен сөйлесіп тұрған адамдарға, зейнеткерлер мен зейнет жасына жақындаған азаматтарға, сондай-ақ ірі көлемде ақша аударып жатқан адамдарға назар аударады», – деп түсіндірді СҚО ПД Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының аса маңызды істер жөніндегі аға жедел уәкілі Жангелді Апенов.
Оның айтуынша, мұндай профилактикалық жұмыстар өз нәтижесін беріп отыр. Жыл басынан бері облыста 36 алаяқтық фактісінің алдын алып, 60 миллион теңгеден астам қаражатты сақтап қалуға мүмкіндік болған.
Сонымен қатар мәселе әлі де өзекті. СҚО ПД Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының мәліметінше, сегіз айда өңірде 389 интернет-алаяқтық фактісі тіркелген. Оның 248 жағдайында қаскөйлер банк қызметкерлерінің атынан қоңырау шалуға негізделген түрлі алаяқтық схемаларды пайдаланған.
