Классикадан қазіргі бестселлерлерге дейін: солтүстікқазақстандықтар қандай әдебиет оқығанды ұнатады

Біреулер классикалық шығармалардың жанкүйері болса, енді біреулерге заманауи әдебиет ұнайды. Дегенмен солтүстікқазақстандықтардың кітап оқуға деген қызығушылығы өзгерген емес. Оның үстіне көпшілік үшін бұл әуестік өмір салтына айналып келеді. Солтүстік өңір еліміздегі шығармашылық тұлғаларымен, оқырман қауымға жаңа туындыларын тұрақты ұсынып жүрген авторларымен танымал. Бұл туралы QZ News тілшісіне С. Мұқанов атындағы облыстық кітапхананың оқу залдары бөлімінің меңгерушісі Наталья Чуряк айтып берді.
Қазіргі кітапхананың кітап қоры сан алуан. Бүгінде мұнда шамамен 600 мың кітап бар. Әдебиеттер үш тілде ұсынылған. Ең алдымен, мемлекеттік тілдегі кітаптарға сұраныс жоғары. Олардың қатарында қазақ жазушылары мен ақындарының шығармаларымен бірге әлемдік және орыс әдебиетінің қазақ тіліне аударылған туындылары да бар.
«Қазіргі қазақ авторларының қаламынан шыққан қызықты кітаптардың түрлі сериялары да көптеп келіп түсуде. Оларға сұраныс бар. Балалар әдебиеті де толықтырылып келеді. Қазір балалар арасында «Гарри Поттер» сияқты кітаптармен қатар, желісі бойынша фильмдер түсірілген заманауи шығармалар да сұранысқа ие. Бүгінде жастарымыз мемлекеттік тілді осындай кітаптар арқылы жиі үйрене бастады. Сонымен қатар балаларға, әсіресе мектеп оқушыларына қазақ тілін жетілдіріп, үйренуге мүмкіндік беретін қазақша және орысша қатар жарық көрген кітаптар да бар», – деді Наталья Чуряк.
Облыстық кітапхана қазіргі заманғы қалыптасқан стереотиптерді жоққа шығарады. Оның кітап қорын мыңдаған оқырман пайдаланады. Кітапханашының айтуынша, классикалық және заманауи әдебиетке сұраныс бірдей. Сондықтан оқырмандардың қай бағытқа көбірек қызығушылық танытатынын нақты айту дұрыс емес.
«Қуантатыны – біз қазақстандық авторлардың шығармаларына жиі жүгініп, қазақ әдебиетінің классикасына деген қызығушылықты арттырып келеміз. Әсіресе Абайдың «Қара сөздері», Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы», сондай-ақ Сәбит Мұқановтың шығармалары және тағы басқа туындылар сұранысқа ие. Өлкетану әдебиеттері де көп оқылады. Біз жас оқырмандарымыздың, орта және егде жастағы оқырмандардың қызығушылықтарын ескереміз. Жастарға келетін болсақ, әрине, олардың арасында заманауи әдебиет басым. Қазіргі романдар, детективтер, фантастика, фэнтези жанрлары да бүгінгі таңда өте танымал», – деді маман.
Кітапханаға келушілердің бір бөлігі психологияға қатысты әдебиеттерден де өз сұрақтарына жауап іздейді. Қорда әлемде кеңінен танымал, бағасы қымбат кітаптар да бар.
Ал жергілікті авторлар үшін облыстық кітапхана шығармашылықтарын таныстыруға мүмкіндік беретін алаңға айналған. Мұнда кітаптардың тұсаукесерлері жиі өткізіледі. Осылайша солтүстікқазақстандық оқырмандарды жерлестеріміздің шығармаларын оқуға қызықтырады.
«Біздің авторларымыз әлемдік бестселлер авторларынан кем түспейді. Олардың шығармаларында туған өлкеміз туралы да, өзекті мәселелер туралы да айтылады. Туған жерге деген сүйіспеншілікті бойына сіңірген өлеңдер де бар. Жалпы, әрбір өлкетанушы автордың шығармасынан біздің табиғатымызға, қаламызға деген сүйіспеншілік, жалпы Қазақстанға деген махаббат көрініс табады», – деп атап өтті Наталья.
Оқырмандарға кітапхананың өзінде әдеби шығармаларды оқып қана қоймай, кітаптарды үйге алып кетуге де мүмкіндік бар. Ол үшін абонемент бөліміне жүгінуге болады. Айта кетейік, бұл бөлімде шамамен 120 мың кітап бар.
