Петропавлда 28–30 сәуір күндері су тасқынының шарықтау шегі күтілуде

Өңірдегі су тасқыны жағдайы туралы облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов әкімдік отырысында баяндады. Әкімнің айтуынша, биыл Сергеев су қоймасында алғаш рет су тасқынының үшінші толқыны тіркеліп отыр. Оның шарықтау шегі Петропавлда 28–30 сәуір аралығында күтілуде, деп хабарлайды QZ News.
Есіл өзеніндегі су деңгейінің көтерілуіне байланысты су арнасынан асып, жайылмаға шығуда, бұл – жыл сайын қайталанатын табиғи құбылыс. Қазіргі уақытта Заречный және Речпорт аудандарындағы бау-бақша учаскелеріне су кірген. Аталған саяжай серіктестіктерінде тұрғындар жоқ, ТЖД мен ПД бекеттері қойылған.
Ерекше бақылауда Ойқала және Кожевенный шағынаудандары. Қызылжар ауданына қарасты Тепличное және Прибрежное ауылдарында тұрақты мониторинг жүргізілуде.
«Біз жағдайды су тасқыны толық аяқталғанға дейін тұрақты бақылауда ұстаймыз. Басты міндетіміз — азаматтардың өмірі мен мүлкін сақтау. Барлық қызметтерді дайындық режимінде болуға және су тасқыны жағдайындағы кез келген өзгеріске жедел әрекет етуге шақырамын», — деді облыс әкімі.
Есіл өзенінің жайылмасында орналасқан Заречный кентінде 6 көпқабатты және 90 жеке тұрғын үй, сондай-ақ №13 орта мектеп пен түзету мекемесі бар. Тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және мүлікті су тасқынынан қорғау мақсатында Заречный кентінің тұрғындарын көшіру туралы шешім қабылданды. Осы мақсатта 90 және 70 пәтерлі 2 көпқабатты үйдің құрылысы жүріп жатыр. Сонымен қатар жаңа түзеу мекемесі мен Қопай шағын ауданында 600 орынға шақталған мектеп салынуда.
