Петропавлда жүзу жаттықтырушысы күшті әсер ететін препаратпен және каннабиноидтармен ұсталды

Петропавлда полиция қызметкерлері жүзу жаттықтырушысының күшті әсер ететін препаратпен ұсталғанын хабарлады. Сондай-ақ дәріні рецептсіз сатқан фармацевтке қатысты қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлайды QZ NEWS тілшісі.
Ұсталған жаттықтырушыны тінту барысында одан «Прегабалин» препаратының төрт блистері тәркіленді. Медициналық куәландыру оның ағзасынан каннабиноидтардың анықталғанын да растады.
Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында құқық қорғау органдары препаратты сатқан дәріхана мен фармацевттің жеке басын анықтады. Ол – Петропавл қаласының 40 жастағы тұрғыны. Оған қатысты күшті әсер ететін заттардың заңсыз айналымы фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Тергеу кезеңінде дәріханадан рецептімен босатылатын барлық дәрі-дәрмек тәркіленді.
Сондай-ақ Солтүстік Қазақстан облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының мәліметінше, бұрынғы жаттықтырушыға қатысты қылмыстық іс қозғалған.
«Осы жағдайға байланысты онымен еңбек қатынастары заңнамада белгіленген тәртіппен тоқтатылды. Істің мән-жайын құқық қорғау органдары жүргізіп жатқан тергеу аясында анықтап жатыр. Қылмыстық іс жүргізуге және процессуалдық әрекеттерге қатысты мәселелер уәкілетті органдардың құзыретіне жатады», – делінген хабарламада.
