Солтүстік Қазақстан облысының тұрғындары «Кітап оқитын ұлт» республикалық жобасына қатысуға шақырылады

Солтүстік Қазақстан облысында «Кітап оқитын ұлт» республикалық оқу марафонын іске асыру жалғасуда. Зияткерлік-ағартушылық жоба оқу мәдениетін дамытуға, оқырман сауаттылығын арттыруға және кітапты білімнің маңызды қайнар көзі ретінде насихаттауға бағытталған, деп хабарлайды QZ NEWS тілшісі.
Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында өткен брифингте ҚР Құрметті журналисі, СҚО-ның Құрметті азаматы, жазушы, қоғам қайраткері, «Кітап оқитын ұлт» жобасының өңірлік кеңсесінің төрағасы Жарасбай Сүлейменов және СҚО әкімдігінің мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының шығармашылық даму және кітапханалар бөлімі басшысы Жанар Әлібекова мәлімдеді.
Спикерлердің айтуынша, марафонның негізгі мақсаты – кітап оқуды тұрақты әдетке айналдырып, жасы, мамандығы мен қызығушылығы әртүрлі адамдарды кітап төңірегіне біріктіру. Жоба Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен «Кітап оқитын ұлт – Читающая нация» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен жүзеге асырылуда.
«Марафон қыркүйек айында басталып, 2027 жылдың наурыз айында аяқталады. Қорытынды сынақтар мен квиздер 2027 жылдың наурыз-сәуір айларында өтеді. Республикалық штаб қатысушыларды reading-nation.kz ресми платформасында тіркеу мерзімін 20 қыркүйекке дейін қоса ұзартты. Бұл барлық мақсатты аудитория өкілдерінің ұйымдасқан түрде тіркелуіне, қамтуды арттыруға және марафонға жаңа мектептерді, ұжымдарды, отбасыларды, педагогтерді, студенттер мен облыс тұрғындарын тартуға мүмкіндік береді», – деді брифингте.
Қатысушылар жеті бағыттың бірін таңдап, reading-nation.kz сайтындағы тиісті тізімнен 15 кітап оқуы қажет. Кітаптар қорына қазақстандық авторлардың шығармалары, әлемдік классика, заманауи әдебиет, сондай-ақ тарих, жеке тұлғаны дамыту, басқару және басқа да бағыттар бойынша еңбектер енгізілген.
Жобаға қатысушылар мынадай санаттарға бөлінеді:
– «Кітап оқитын мектеп» – 6–10 сынып оқушылары;
– «Кітап оқитын колледж» – колледж студенттері;
– «Кітап оқитын университет» – жоғары оқу орындарының студенттері;
– «Кітап оқитын педагог» – мұғалімдер мен колледж оқытушылары;
– «Кітап оқитын әулет» – отбасылық командалар;
– «Кітап оқитын мемлекеттік қызметші» – мемлекеттік қызметшілер;
– «Кітап оқитын зияткер» – жасына және кәсібіне шектеу қойылмаған барлық ниет білдірушілер.
Марафонның ерекшелігі – оның интерактивті форматында. Қатысушылар кітап оқып қана қоймай, платформада жеке кабинет ашып, оқыған шығармалары туралы пікір қалдырып, туындыларды талқылап, қорытынды сынақтарға дайындала алады. Осылайша жоба аясында кітап қарым-қатынас пен зияткерлік дамудың құралына айналатын белсенді оқырмандық орта қалыптасады.
Өңірде жобаны жүзеге асыруға мәдениет мекемелері, мектептер, колледждер, жоғары оқу орындары, педагогтер, мемлекеттік органдар мен түрлі ұйымдар белсенді түрде тартылуда. Осы аптада студенттермен, жоғары оқу орындарының педагогикалық ұжымдарымен, мемлекеттік қызметшілермен және оқырман клубтарымен бірқатар маңызды кездесулер өткізу жоспарланған.
20 қыркүйекте тіркеу аяқталғаннан кейін жобаның екінші кезеңі – кітаптарды тікелей оқу процесі 21 қыркүйек, дүйсенбі күнінен бастап жалғасады.
Республикалық оқу марафонына қатысу үшін электронды кітаптарды Сәбит Мұқанов атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапхананың skolib.kz сайтындағы сілтемелер арқылы жүктеуге болады.
Өңірлік кезеңдердің қорытындысы бойынша жүлде қоры қарастырылған.
