Петропавловск
+21°C
Главная страница » Жаңалықтар » Спорт, арт-терапия және ата-аналарға арналған семинарлар: СҚО-да аутизмі бар балалар мен олардың отбасыларына қалай қолдау көрсетіледі

Спорт, арт-терапия және ата-аналарға арналған семинарлар: СҚО-да аутизмі бар балалар мен олардың отбасыларына қалай қолдау көрсетіледі

August 11, 2026 14:08

Петропавлда аутизм спектрінің бұзылыстары (АСБ) бар балалар мен олардың отбасыларын қолдауға бағытталған бірден үш әлеуметтік жоба жүзеге асырылуда. Бастамалар шағын гранттардың республикалық конкурсында жеңімпаз атанып, «Инклюзия саласындағы үкіметтік емес ұйымдарды қолдау және дамыту» жобасы аясында қаржыландырылды, деп хабарлайды QZ NEWS тілшісі.

Конкурсты Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің және «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» КЕАҚ қолдауымен «Эра-KZ» республикалық қоғамдық бірлестігі ұйымдастырды. Байқауға еліміздің түкпір-түкпірінен үкіметтік емес ұйымдардан барлығы 23 өтінім түскен. Техникалық іріктеу мен тәуелсіз сараптамалық бағалау қорытындысы бойынша 18 жоба қолдауға ие болды.

Жеңімпаздардың қатарында СҚО-дан үш қоғамдық ұйым бар. Олардың жобаларын ортақ мақсат біріктіреді – аутизмі бар балалардың спорт, шығармашылық және қарым-қатынас арқылы өз мүмкіндіктерін ашуына жағдай жасау.

Осындай жобалардың бірі – «Шекарасыз қозғалыс: аутизмі бар балалардың спорттық бейімделуі». Оны «Basis» ҮЕҰ ресурстық орталығы» қоғамдық бірлестігі жүзеге асыруда. Жобаның негізгі мақсаты – бейімделген дене шынықтырумен тұрақты түрде айналысу арқылы балалардың физикалық және әлеуметтік бейімделуіне жағдай жасау.

Дайындық кезеңі аяқталды: арнайы спорттық құрал-жабдықтар сатып алынып, қатысушылар топтары жасақталды, тұрақты жаттығулар басталды.

Сабақтар аптасына бірнеше рет мамандардың жетекшілігімен өтеді. Балалар үйлесімді қимылдау, төзімділік пен қозғалыс белсенділігін дамыта отырып, бір-бірімен қарым-қатынас жасауға және біртіндеп тілдесу дағдыларын меңгеруге мүмкіндік алады.

Отбасылармен жұмысқа да ерекше көңіл бөлінеді. Тамыз айында жоба аясында «Менің қолымнан келеді!» атты ашық спорт фестивалін өткізу жоспарланған. Бұл шара қатысушылардың жаттығу барысында қол жеткізген нәтижелері мен жетістіктерін көрсетуге мүмкіндік береді.

Тағы бір жоба – «Түстер әлемі» – аутизмі бар балалардың шығармашылық арқылы өздерін танытуына мүмкіндік береді. Оны «Салауатты өмір салтын қолдайтын жастар» халықаралық қоғамдық ұйымы жүзеге асыруда. Мұнда негізгі назар балаларды әлеуметтендіруге, сенсорлық қабылдауын, ұсақ моторикасын және эмоционалдық саласын дамытуға бағытталған.

Қатысушылар үшін алғашқы шеберлік сабақтары ұйымдастырылып үлгерді. Балалар гипспен жұмыс істеп, сәндік-қолданбалы өнермен және көркемдік бояумен айналысады. Шілде айында бағдарлама аясында гипстен бұйымдар және сәндік сабын жасау бойынша сабақтар өткізілді.

Шығармашылық сабақтар балаларға жаңа дағдыларды меңгеріп қана қоймай, жайлы ортада бірлескен іс-әрекет тәжірибесін алуға мүмкіндік береді. Жобаның қорытындысы ретінде қатысушылардың жұмыстарынан қалалық көрме ұйымдастырылады.

Тағы бір спорттық бастама – «Жетістікке жету жолы: АСБ бар балалардың спорттық-сауықтыру арқылы бейімделуі». Оны «Белсенді жастар» халықаралық қоғамдық ұйымы жүзеге асыруда. Жоба аясында қатысушылардың бастапқы диагностикасы жүргізіліп, шағын топтар құрылды және арнайы спорттық құрал-жабдықтар сатып алынды.

Бейімделген дене шынықтыру бойынша тұрақты сабақтар балалардың физикалық дамуы мен әлеуметтік ортаға ықпалдасуына бағытталған. Сонымен қатар жоба тек балалардың өзіне ғана арналмаған. Ата-аналар үшін де практикалық семинарлар ұйымдастырылып, оның ішінде үй жағдайында емдік дене шынықтыру жаттығуларын жүргізу бойынша кеңестер беріледі.

Жобаның қорытындысы «Кішкентай чемпиондар» инклюзивті фестивалімен түйінделеді.

Осылайша, үш жоба жұмыстың әртүрлі бағыттарын ұсынады: спорттық жаттығулар, шығармашылық шеберлік сабақтары және дене шынықтыру-сауықтыру сабақтары. Алайда ұйымдастырушылардың көздеген ортақ мақсаты бар. Ол – аутизмі бар балалардың дамуына, қарым-қатынас жасауына және қоғамдық өмірге белсенді араласуына көбірек мүмкіндік беру.

Бастамалардың маңызды ерекшелігі – олардың практикалық бағыттылығы. Балалар тегін түрде түрлі үйірмелер мен сабақтарға қатысып, өздерін әртүрлі бағытта сынап көруге және жаңа дағдыларды меңгеруге мүмкіндік алады. Ал ата-аналар қосымша қолдау мен білім алып, алған тәжірибесін үй жағдайында да қолдана алады.

Shares