Петропавловск
+21°C
Главная страница » Жаңалықтар » СҚО санитариялық-эпидемиологиялық қызметінің 17 қызметкері кәсіби мерекеде медальдар мен марапаттарға ие болды

СҚО санитариялық-эпидемиологиялық қызметінің 17 қызметкері кәсіби мерекеде медальдар мен марапаттарға ие болды

October 2, 2026 15:23

Петропавлда Санитариялық-эпидемиологиялық қызмет қызметкерлері күніне орай салтанатты шара өтті. Көп жылғы адал еңбегі және халық денсаулығын қорғауға қосқан елеулі үлесі үшін салалық ведомствоның 17 маманы ведомстволық наградалармен, медальдармен және алғыс хаттармен марапатталды, деп хабарлайды QZ NEWS тілшісі.

Жиынға қатысушыларды құттықтаған облыс әкімінің орынбасары Қанат Дүзелбаев санитариялық-эпидемиологиялық қызметтің өңірдің тұрақты дамуы мен тұрғындар үшін қауіпсіз өмір сүру жағдайларын қалыптастырудағы маңызды рөліне тоқталды.

«Санитариялық-эпидемиологиялық қызмет – қоғамдық денсаулық сақтау жүйесінің маңызды бөлігі әрі өңірдің тұрақты дамуын қамтамасыз етуде айрықша орын алады. Оның жұмысының тиімділігі санитариялық-эпидемиологиялық ахуалға ғана емес, халықтың өмір сүру жағдайларының қауіпсіздігіне, кәсіпорындардың қызметі мен жұмыс сапасына да тікелей байланысты. Заманауи қызметтің негізінде өз кәсібіне ұзақ жылдарын арнаған адамдар тұр. Санитариялық-эпидемиологиялық қызметтің ардагерлері – кәсіби мәдениеттің үздік дәстүрлері мен мол тәжірибесінің сақтаушылары. Сіздердің еңбектеріңіз қазіргі жүйенің қалыптасуына негіз болды», – деді Қанат Дүзелбаев.

СҚО Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Асет Жұматаев өз сөзінде COVID-19 пандемиясы кезеңіндегі қиындықтарды еске алып, сол уақытта ведомство жұмысының маңызы айқын көрінгенін атап өтті. Бүгінде аумақтық департамент пен оның бөлімшелерінде 118 маман еңбек етеді.

«Біз санитариялық-эпидемиологиялық бақылау жүйесін жетілдіріп, заманауи технологияларды енгізіп, материалдық-техникалық базаны нығайтып келеміз. Алайда біздің басты ресурсызымыз – өз ісіне адал мамандар және, әрине, қызметтің дамуына мол тәжірибесін қосқан ардагерлер. Ұлттық сараптама орталығының эпидемиолог дәрігерлеріне, санитариялық дәрігерлерге және барлық зертхана мамандарына ерекше алғысымды білдіремін», – деді Асет Жұматаев.

Сондай-ақ спикер ведомствоның ауқымды жаңғыртылуы туралы айтып берді. Соңғы уақытта автопарк тоғыз заманауи көлікпен толықты. Мағжан Жұмабаев және Жамбыл аудандарындағы ғимараттарға күрделі жөндеу жүргізіліп, жеті аудандық басқармада ағымдағы жөндеу жұмыстары атқарылды.

Маңызды бағыттардың бірі – үдерістерді цифрландыру. Арнайы дерекқорлардың іске қосылуы вакцинация есебін жүргізуді, халықтың декреттелген топтарының медициналық тексеруден өтуін және өндірістік бақылауды автоматтандыруға мүмкіндік берді. Енді инспекторларға қағаз құжаттарды сұратудың қажеті жоқ, ал кәсіпкерлер ақпараттық жүйе арқылы онлайн режимде жұмыс істей алады.

Кадр мәселесіне тоқталған департамент басшысы ұрпақтар сабақтастығы үдерісін де атап өтті. Соңғы жылдары 30-40 жыл еңбек өтілі бар мамандар зейнет демалысына шығуда. Осыған байланысты ведомство жастарды жұмысқа тартуға басымдық беріп, мамандар тапшылығын шешу үшін Астана мен Қарағандыдағы медициналық жоғары оқу орындарында мақсатты оқытуды қайта жандандыру мәселесін қолға алған.

Мерекелік шара аясында 17 қызметкер ведомстволық және кәсіби наградалармен марапатталды. «Салаға қосқан үлесі үшін» медалімен Ақжар аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының міндетін атқарушы Шынар Қасенова марапатталды.

«Санитариялық қызметтегі 24 жылдық еңбегім үшін осындай марапатқа ие болу – мен үшін үлкен мәртебе. Осы кәсіби жолды бірге өткерген басшылыққа және ұжымға алғысымды білдіремін. Менің ойымша, бұл – тек менің еңбегімнің емес, бүкіл командамыздың марапаты», – деді Шынар Қасенова.

Марапаттау рәсімінен кейін мерекелік шара қонақтарына өңірдің шығармашылық ұжымдары мен өнерпаздары өнер көрсетіп, көпшілікке танымал музыкалық және би композицияларын орындады.

Shares